2024 жылғы 18 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы Өкілдігінде «Орталық Азиядағы аймақтандыру процесі: жай-күйі, мүмкіндіктері мен болашағын талдау» тақырыбында сараптамалық талқылау өтті. Іс-шара Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі қарсаңында ұйымдастырылды.
Ғылыми-зерттеу институттарының, университеттер мен білім беру орталықтарының өкілдері қауіпсіздік мәселелерін, аймақтық ынтымақтастықтың ықтимал сын-қатерлерін және Орталық Азия елдерінің аймақтық және әлемдік державалармен өзара қарым-қатынасын талқылады. Сарапшылар аймақтың қазіргі дамуы, Орталық Азия елдерінің аймақтандыру және кооперация процестері, бірлескен бағдарламалар мен жобалар туралы өз көзқарастарымен бөлісті. Олар саяси деңгейде де, азаматтық қоғам институттары, бизнес-құрылымдар, университеттер мен білім беру орталықтары арасында да аймақтық ынтымақтастықты үйлесімді дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, су-энергетика саласындағы, трансшекаралық өзендердің суын бөлудегі және климаттың өзгеруі, көлік дәліздері мен транзиттің дамуы, энергия ресурстарының тапшылығының өсуі, демографиялық өсу мен көші-қон аясында экологиялық жағдайдағы мәселелер қаралды.
Сараптамалық талқылауға қатысушылар осы бағыттар бойынша зерттеулердің маңыздылығын атап өтті. Орталық Азияның өсіп келе жатқан геосаяси рөлі мен экономикалық әлеуетін ескере отырып, олар сараптамалық орта мен талдау орталықтарының күш-жігерін біріктіру кезінде тиімділігі артатын аймақтандыру процестерінің ғылыми әзірлемелерін өзектендіру бойынша келісімге келді. Сараптама алаңы халықаралық қатынастар және аймақтану саласындағы жетекші қазақстандық мамандарды, саясаттанушылар мен экономистерді біріктірді, олар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінен – факультет деканы Деловарова Л.Ф., деканның орынбасары Султанмуратов Н.Н., кафедра меңгерушісі Байкушикова Г.С., профессорлар Байзакова К.И. және Кукеева Ф.Т., доцент м.а. Ермекбаев А.А., PhD докторанттары, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтынан – Саяси зерттеулер орталығының басшысы Амребаев А.М., аға ғылыми қызметкері Изимов Р.Ю., Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Муратбекова А.М., Абылай хан атындағы ҚазХҚӘТУ халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы Шамилов М.Ф.