Қазақстан-Өзбекстан сарапшылар кеңесінің екінші отырысы 2024 жылғы 28 тамызда онлайн-форматта өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтымен бірлесіп ұйымдастырды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан-Өзбекстан сарапшылар кеңесінің бірінші отырысы биылғы жылдың 2 тамызында ҚСЗИ қабырғасында өтті, ал оны құру туралы Меморандумға 8 тамызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёвтің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында қол қойылды. Меморандумға қол қою рәсімі екі мемлекет басшылары – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ӨзР Президенті Шавкат Мирзиеёевтің қатысуымен өтті.
Қазақстан-Өзбекстан сарапшылар кеңесі Өзбекстан мен Қазақстанның сараптамалық қоғамдастықтары арасында тұрақты және жүйелі негізде диалог құру, елдердің екіжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылау, сондай-ақ бірлескен даму бағытында тиімді тетіктерді іздеуде идеялар қалыптастыратын алаң болуға арналған.
Екінші отырыстың күн тәртібіне Қазақстан мен Өзбекстанның 2024-2034 жылдарға арналған стратегиялық әріптестігі мен одақтастығы бағдарламасын іске асыру, оның жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпалы мәселелері қойылды. Сондай-ақ, Парламентаралық форумды құру контекстіндегі парламентаралық ынтымақтастықтың перспективалары және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі практикалық шаралар талқыланды.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Қазақстан мен Өзбекстан мемлекетаралық қатынастарының одақтастық кезеңіне көшуін, өңірлік интеграция әлеуетінің белсенді іске асырылуын атап өтті.
«Осыған орай біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Орталық Азияның Ренессансы: Орнықты даму мен өркендеу жолында» атты мақаласын ерекше атап өткім келеді. Мемлекет басшысының мақаласында Орталық Азия өңірінің жаһандық геосаяси турбуленттілік жағдайында өңірде сенім мен ортақ бөлінбейтін қауіпсіздік кеністігін қалыптастыра отырып, өңірлік кооперацияға кедергі келтіретін барьерлерді жою, біздің көп қырлы ынтымақтастығымызды сапалы жоғары деңгейге шығару үшін іргетас құра отырып, жаңарып жатқан халықаралық жүйенің өзін-өзі қамтамасыз ететін және ықпалды қатысушысына айналғандығы атап көрсетілген», — деп атап өтті Еркін Тұқымов.
Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институтының (САЗИ) директоры Элдор Арипов өз сөзінде екі ел президенттерінің саммиттерде ұсынған бастамаларын ілгерілету мен іске асыруға қатысты мәселелерді қозғады. Аймақтық ынтымақтастықты дамыту бойынша жасалған барлық ұсыныстарға түгендеу жүргізу ұсынылды.
Сондай-ақ, Өзбекстанда өткізу жоспарланып отырған су дипломатиясы бойынша Аймақтық конференция мен өңірлік бірегейлікті қалыптастырудың практикалық аспектілеріне арналған Ғылыми форумның күн тәртібі талқыланды.
Сонымен қатар, Элдор Арипов Қазақстан-Өзбекстан сарапшылар кеңесінің жұмыс жоспарын әзірлеуді ұсынды.
Өз кезегінде Еркін Тұқымов сарапылар кеңесінің жұмысына институционалдық сипат беру үшін кеңестің құрамын, екі жақтан сарапшылар пулын құру қажеттілігіне тоқталды.
Кеңес алаңында талқылаудың басым тақырыптары ретінде ҚСЗИ директоры ОА елдерінің Ауғанстанға қатысты ұстанымын, Қазақстан мен Өзбекстанның су-климаттық қауіпсіздігін, климаттың өзгеруі аясында екі елдің осы саладағы тәсілдерді ұштастыруды, сондай-ақ Батыс-Шығыс, Солтүстік-Оңтүстік экономикалық дәліздерін қалыптастыруда Қазақстан мен Өзбекстанның өзара толықтырылуы тұрғысынан жаңа көлік маршруттарын іске қосу қажеттігін ұсынды.
Сонымен қатар, қатысушылар өзара сауда көлемін ұлғайту тетіктерін – өздеріңіз білетіндей, екі ел арасындағы тауар айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізу мақсаты қойылды – сондай-ақ экономикалық кооперация үшін перспективалы бағыттар мен көлемді ұлғайту жолдарын талқылады. Кеңес қатысушылары Өзбекстан Республикасы Президентінің мемлекеттік сапары шеңберінде өткен бизнес-форум мен іскерлік кездесулерді, сондай-ақ әлеуеті жоғары жобаларды қаржылық қолдау үшін Бірлескен қор құрудың перспективаларын қорытындылады.
Қазақстан-Өзбекстан сарапшылар кеңесінің екінші отырысы барысында Орталық Азия халықаралық институтының директоры Жавлон Вахабов, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының саяси зерттеулер орталығының басшысы Айдар Әмребаев, ҚСЗИ директорының орынбасары Нұрлан Сақуов, ӨзР Министрлер Кабинеті жанындағы Макроэкономикалық және өңірлік зерттеулер институтының директоры Умид Абидходжаев, Халықаралық қатынастар ақпараттық-талдау орталығының директоры Санжар Валиев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Лейла Деловарова сөз сөйледі.