Қазақстан 2024 жылғы 16-17 қазанда өтетін бірінші Astana Think Tank Forum 2024 шеңберінде жаһандық халықаралық жүйенің негізгі қағидаттарын орта державалар тұрғысынан талқылауға дайын.
Астана халықаралық форумы (AIF) аясында өтетін шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырып отыр.
Форумның тақырыбы «Өзгермелі әлемдік тәртіптегі орта державалар: қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты дамуды нығайту». Шараға қатысуға жетекші сыртқы саяси талдау орталықтарының басшылары, зерттеушілер, кеңесшілер мен дипломаттар шақырылды. Кездесу заманауи жаһандық ландшафттағы орта державалардың стратегиялық және дипломатиялық рөлін талқылау үшін академиялық нысанда өтеді.
Қазіргі геосаяси жағдайда орта державалар халықаралық серіктестіктерді қалыптастыруда және дипломатиялық қатынастарды орнатуда өсіп келе жатқан қиындықтарға тап болуда. Поляризацияланған халықаралық жүйені ескере отырып, орта державалардың өзгеріп келе жатқан рөлін түсіну өте маңызды. Өз стратегияларымен және өткерген тәжірибелерімен алмасу арқылы орта державалар өзара байланысты және көпжақты халықаралық жүйенің қалыптасуына әсер ете отырып, өздерінің жаһандық ықпалын күшейте алады.
Форум бағдарламасы бес негізгі тақырыпты қамтиды: сыртқы саясат, экономикалық ықпал, қауіпсіздік динамикасы, көпжақтылық және жаһандық институттар, сондай-ақ жаңа сын-қатерлер. Бұл тақырыптар панельдік сессиялар, дөңгелек үстелдер, пікірталастар және жоғары деңгейдегі пленарлық сессиялар аясында қызу талқыланады.
Қазақстанның орта держава ретіндегі мәртебесі осы Форумның маңыздылығын арттырады. Форумға қатысатын ресми тұлғалар мен талдау орталықтарының көшбасшылары өздерінің орта державалар ретіндегі тәжірибесі, болашақ сын-қатерлер мен мүмкіндіктер туралы жан-жақты және тиімді диалог жүргізуге қабілетті.
Astana Think Tank Forum орта державалар туралы талқылауларды жаһандық деңгейге шығаратын бірегей алаң болады деп күтілуде.