Skip to content
Басты бет » Мемлекеттік кеңесші Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Ғылыми кеңесінің отырысына қатысты

Мемлекеттік кеңесші Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Ғылыми кеңесінің отырысына қатысты

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) Ғылыми кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты.

Ғылыми кеңестің төрағасы, ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов өз сөзінде 2024 жылы Институт ішкі саясат, халықаралық қатынастар, сондай-ақ экономика сияқты зерттеу бағыттары бойынша талдамалық материалдар дайындағанын атап өтті.

Әлеуметтанулық зерттеулер бағыты бойынша алғаш рет қазақстандықтардың құндылық бағдарлары мен бірегейлігін, сондай-ақ Қазақстанның болашақ бейнесін анықтау мәселелері сыналды. 2024 жылы ҚСЗИ-дың шетелдік талдау орталықтарымен өзара іс-қимылы айтарлықтай нығайды. Сонымен қатар ынтымақтастықтың азиялық векторы жүйелі түрде күшейе түсті. Бір жыл ішінде ҚСЗИ қол қойған меморандумдардың географиясы Малайзия, Индонезия, Вьетнам сияқты елдермен толықтырылды. 2024 жылғы қарашада Бейжіңде Қазақстан мен Қытайдың талдау орталықтарының бірінші форумы өтті, оны Қазақстан тарапынан ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ ұйымдастырды.

2024 жылы ҚСЗИ бірқатар ауқымды халықаралық іс-шаралар өткізді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Astana Think Tank Forum 2024 бірлескен ұйымдастырушысы болды. Талдау орталықтарының бірінші халықаралық форумының тақырыбы өзгермелі жаһандық тәртіптегі орта державалардың рөліне арналды.

Жиында институттың 2025 жылға жоспарланған талдау жұмысының негізгі бағыттары мен маңызды іс-шаралары талқыланды. Атап айтқанда, ҚСЗИ ел дамуының ішкі саяси үдерістері мен экономикалық үрдістерін зерттеуге, сондай-ақ сыртқы саяси ахуалды бағамдауға баса мән береді. Бұған қоса Институт деректер базасын құру және аймақтардағы өкілдіктер желісін кеңейту жұмыстарына айрықша назар аударады.

Мемлекеттік кеңесші Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында берген сұхбатында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыт-бағдарын айқындап бергенін атап өтті.

Ерлан Қарин іске асырылып жатқан мемлекеттік саясатты сараптамалық-талдамалық сүйемелдеудегі ҚСЗИ-нің жетекші рөліне назар аударды. Атап айтқанда, Өңірлік даму саласында ұсыныстар дайындауда, одан әрі экономикалық реформаларды пысықтауда, геосаясаттың жаһандық трендтерін талдауда, сондай-ақ басқа да өзекті және сұранысқа ие бағыттар бойынша. Сонымен қатар институт сарапшыларының сараптамалық ортада да, жалпы жұртшылық арасында да сыртқы және ішкі саясаттың мақсаттары мен міндеттерін түсіндірудегі рөлі маңызды болып табылады.

Бұдан бөлек, Ерлан Қарин ҚСЗИ еліміздің басты зияткерлік орталығы ретінде шетелдің сараптамалық орталықтарымен халықаралық деңгейдегі серіктестік байланыс орнату ісінде негізгі құрылым саналатынын жеткізді.