Skip to content
Басты бет » Ұлттық құрылтай: жастарды қолдау және кәсіпкерлікті дамыту

Ұлттық құрылтай: жастарды қолдау және кәсіпкерлікті дамыту

Берік Кадыров,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Абай облысы бойынша өкілі,

Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас сарапшысы

Ұлттық құрылтай Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде қоғамдық консолидацияны нығайтуға бағытталған ұсыныстар мен стратегияларды әзірлеуде маңызды рөл атқарады.

Ұлттық құрылтай алаңда азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қоғамдық мәселелер көтеріліп, олардың шешу жолдары ұсынылады. Солардың бірі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту.

Жастар саясаты тұжырымдамасы аясында жас кәсіпкерлер үшін жылдық 2,5% жеңілдікпен несие беру бастамасы енгізілген, бұл жастарға өз ісін бастауға әрине үлкен мүмкіндік беруде. Осыған орай, Абай облысында да жастарды экономикалық және қоғамдық өмірге тартуға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылуда. 2023 жылы облыс жастары арасынан 226 адам жалпы сомасы 1 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген микрокредит алды. Несиелендірілгендердің басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады (167), сондай-ақ қызмет көрсету (44), сауда (9), жеңіл және ауыр өнеркәсіп (5), агроөнеркәсіптік өнімдерді қайта өңдеу (1) салалары қамтылған.

Сонымен қатар, өңірде білім алумен де, жұмыспен қамтумен де айналыспайтын жастар (NEET санаты) мәселесі өзекті болып отыр, олардың саны шамамен 6 029 адам. Бұл мәселені шешу үшін жастарды әлеуметтік және экономикалық белсенділікке тарту тетіктері енгізілуде. Осы мақсатта «Zhas project» аясында 8 жас 1 млн теңгеден грант алып, өз бастамаларын жүзеге асыруда. Ал жазғы маусымда 1 004 жас «Жасыл ел» бағдарламасына қатысып, уақытша жұмыспен қамтылып, қосымша табыс табу мүмкіндігіне ие болды.

Ұлттық Құрылтай жұмысы барысында бизнестің қоғамдық жауапкершілігіне ерекше мән беріліп, кәсіпкерлерді мектептер, ауруханалар, кітапханалар, спорт нысандары және басқа да инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салуға үндеу жасалды. Мұндай игі бастаманы қолдайтын бизнес өкілдері жоқ емес. Мысалы, Семей қаласында жеке инвестор аймақтың ең ірі ойын-сауық кешендерінің біріне айналуға әлеуеті бар заманауи жабық аквапарк жобасын әзірлеуде. Сонымен қатар, KAZ Minerals компаниясы облыс орталығында жалпы құны 9 млрд теңгеден асатын 1200 орындық жаңа IT-мектеп-лицейін салып, білім саласына айтарлықтай үлес қосты. Бұл бастамалар өзге де кәсіпкерлерге үлгі болып, олардың әлеуметтік жобаларға атсалысуына серпін береді деп сенеміз.

Ұлттық құрылтай – тек пікірталас алаңы емес, нақты шешімдер қабылдау тетігі. Құрылтай мүшелері мәселелерді көтеріп қана қоймай, олардың тиімді шешімдерін ұсынып, оларды іске асыруға ықпал етеді. Бірлескен күш-жігердің арқасында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.