2025 жылдың 24 сәуірі күні Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты (РШЕОАИ) делегациясымен жұмыс кездесуі өтті.
Делегацияны РШЕОАИ директорының орынбасары Цзинь Чжэ бастап келді.
Сапардың мақсаты — Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ 2025 жылға арналған бірлескен ғылыми-зерттеу және сараптамалық жұмыс жоспарларын талқылау болды.
ҚСЗИ директорының орынбасары Асқар Нұрша мұндай кездесулер Қазақстан мен Қытай зерттеушілері арасындағы кәсіби байланыстарды дамытуға және өзара пікір алмасуға септігін тигізетінін атап өтті.
Кездесу барысында ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, атап айтқанда, Қазақстанның Орталық Азиядағы және «Орталық Азия – Қытай» форматындағы сыртқы саясаты, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен «Белдеу мен жол» бастамасы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Тараптар сараптамалық диалогты кеңейтуге және сараптамалық орталықтар арасындағы екіжақты байланыстарды нығайтуға ниеттілік білдірді.
