Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ-да Халықаралық Қызыл Крест Комитеті делегациясымен кездесу өтті

ҚСЗИ-да Халықаралық Қызыл Крест Комитеті делегациясымен кездесу өтті

2025 жылғы 27 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Халықаралық Қызыл Крест Комитеті (ХҚКК) делегациясымен кездесу өтті. ХҚКК – қарулы қақтығыстар құрбандарына көмек көрсетіп, оларды қорғаумен айналысатын тәуелсіз гуманитарлық ұйым. Делегация құрамында ХҚКК-нің Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігінің басшысы Биляна Милошевич және Қазақстандағы ХҚКК миссиясының басшысы Серік Сағымбаев болды.

МККК өкілдері ұйымның өңір елдеріндегі негізгі қызмет бағыттары туралы айтып берді. Қазақстанда ХҚКК жұмысының басты бағыты – халықаралық гуманитарлық құқық (ХГҚ) нормаларын ұлттық заңнамаға енгізуге және оны насихаттауға ықпал ету. Сонымен қатар, ХҚКК Қазақстанның Қызыл Жартыайымен төтенше жағдайларға дайындық мәселелері бойынша ынтымақтастық орнатады.

Кездесуде Таяу Шығыстағы және басқа өңірлердегі қарулы қақтығыстар аймақтарында ХҚКК қызметкерлері тап болатын қиындықтар талқыланды. Осыған байланысты ХГҚ-ны саяси деңгейде қолдау бойынша жаһандық бастаманың маңыздылығы атап өтілді. Бұл бастаманы өткен жылдың қыркүйегінде Қазақстан, Бразилия, Иордания, Қытай, Франция және Оңтүстік Африка Республикасының қолдауымен ХҚКК іске қосты.

Бастаманың басты мақсаты – ХГҚ нормаларының сақталуын жаһандық, өңірлік және ұлттық деңгейлерде саяси басымдыққа айналдыру. Бастама аясында қарулы қақтығыстар кезінде ХГҚ нормаларының әмбебап, жүйелі және мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған ұсынымдар әзірленуде.

Кездесуге қатысушылар ҚСЗИ мен ХҚКК Өңірлік өкілдігі арасындағы ынтымақтастық перспективаларын, оның ішінде Орталық Азия елдерінің сарапшылары қатысатын бірлескен іс-шараларды өткізу мүмкіндіктерін талқылады. ҚСЗИ директорының орынбасары Асқар Нұрша мұндай ынтымақтастықтың ХҚКК-нің өңірлік серіктестік шеңберінде күш-жігерді тиімді үйлестіруге ықпал ететінін атап өтті.