Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ Иранның зерттеу құрылымдарымен ынтымақтастықты дамытуда

ҚСЗИ Иранның зерттеу құрылымдарымен ынтымақтастықты дамытуда

2025 жылғы 15 қазанда Astana Think Tank Forum-ның екінші күні аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) басшылығының Иран Ислам Республикасының делегациясымен кездесуі өтті. Делегация құрамында Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары, ИИР СІМ жанындағы Саяси және халықаралық зерттеулер институтының президенті Саид Хатибзаде және Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшісі Али Акбар Джаукар болды.

ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов ирандық әріптестерді жылы қарсы алып, Иранның Қазақстанмен стратегиялық диалогты дамытуға бейілділігін ерекше атап өтті.

«Иран – Таяу Шығыс пен Каспий өңіріндегі еліміздің басты серіктестерінің бірі. Екі елді көне Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алатын терең тарихи, мәдени және экономикалық байланыстар біріктіреді. Әсіресе 2025 жылғы мамыр айында күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімнің маңызын атап өткен жөн. Бұл құжат сауда және экономикалық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Ж. Шаймарданов.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Иранның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) және «Каспий бестігі» сияқты көпжақты алаңдар аясындағы белсенді өзара іс-қимылын атап өтті.

Кездесуге қатысушылар Орталық Азия мен Парсы шығанағы арасындағы көлік-логистикалық және сауда байланыстарын нығайтудың әлеуетін, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі жобасы аясындағы ынтымақтастық пен Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымының өсу перспективаларын талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы әріптестік конструктивті өңірлік ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болып табылатынын атап өтті.