Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ мен MNU Финляндия Президенті Александр Стуббтың қатысуымен сараптамалық түскі ас ұйымдастырды

ҚСЗИ мен MNU Финляндия Президенті Александр Стуббтың қатысуымен сараптамалық түскі ас ұйымдастырды

29 қазанда Финляндия Президенті Александр Стуббтың Қазақстанға алғашқы ресми сапары аясында фин көшбасшысы мен отандық сараптамалық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен сараптамалық түскі ас өтті. Іс-шараны Maqsut Narikbayev University мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты бірлесіп ұйымдастырды және ол университет алаңында өтті.

Финляндия делегациясын Финляндия Президенті Александр Стубб бастап келді. Сондай-ақ кездесуге Парламент депутаты, Қазақстанмен достық тобының төрағасы Вилле Скиннари, Финляндияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Янне Хейсканен, Финляндия Сыртқы істер министрлігінің Азия және Мұхит аймағы департаменті бас директорының орынбасары Микко Кивикоски, Мартти Ахтисаари бейбітшілік қоры «Дағдарысты басқару бастамасы» бағдарламасының бас директоры Оскари Эронен және бейбітшілік делдалдық Орталығының директоры Вилле Бруммер қатысты.

Қазақстан тарапынан іс-шараға ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов, ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Санат Көшкімбаев, ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты басқармасының төрағасы Болат Нұрғалиев, Maqsut Narikbayev University ғылым, инновациялар және жасанды интеллект жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Сергей Пен, Назарбаев Университетінің ассистент-профессоры Жәнібек Арынов және Қазақстанның Финляндиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Азамат Абдраимов қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар жаһандық тұрақсыздық жағдайындағы Қазақстанның сыртқы саяси күн тәртібін, өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін, Орталық Азия елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ Қазақстан мен өңір елдерінің Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропалық одақпен, Түркиямен және Оңтүстік Кавказ елдерімен өзара іс-қимылын талқылады.

Тараптар Қазақстан мен Финляндия арасындағы сенімге негізделген диалогты нығайтудың, экономикалық ынтымақтастықты ілгерілетудің және екі елдің сараптамалық қауымдастықтары арасындағы байланыстарды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Бұған дейін, Ақордада екі ел Президенттерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Мартти Ахтисаари бейбітшілік қоры «Дағдарысты басқару бастамасы» арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Maqsut Narikbayev University-не іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және халықаралық деңгейде сараптамалық диалог орнатуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.