Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ-да Еуропалық одақ делегациясымен кездесу өтті

ҚСЗИ-да Еуропалық одақ делегациясымен кездесу өтті

2025 жылғы 24 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс бастаған ЕО делегациясымен, сондай-ақ Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алешка Симкичтің қатысуымен кездесу өтті.

ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов еуропалық сараптамалық құрылымдармен жүйелі өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, зерттеу және сараптамалық ынтымақтастықты кеңейтуге өзара қызығушылық бар екенін жеткізді. «Қазақстан мен Еуропалық одақ 30 жылдан астам уақыт ішінде берік стратегиялық әріптестік орнатты. Біздің өзара әріптестігіміздің әлеуеті қазіргі нәтижелерден әлдеқайда ауқымды деп санаймыз», – деді Ж. Шаймарданов.

ЕО өкілдері сараптамалық алмасудың маңызын атап өтіп, өзекті өңірлік бастамаларды ілгерілету бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.

Кездесу барысында тараптар ЕО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың перспективаларын, Орталық Азия елдерімен өзара әрекеттестікті кеңейту мүмкіндіктерін, сондай-ақ ҚСЗИ мен Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің әріптестігін одан әрі дамытуды талқылады.

Сонымен қатар Қазақстан мен Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің сараптамалық орталықтары арасында тұрақты әрекеттестікті жолға қою және сараптамалық байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.