2025 жылғы 3 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында «Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықты кеңейту» тақырыбына арналған сыртқы саясат жөніндегі Сараптамалық кеңестің отырысы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге (КӘЫК) қол қойылуының 10 жылдығына орай ұйымдастырылды. Бұл құжат қазіргі кезеңдегі қазақстан-еуропалық қатынастардың берік негізін қалаған маңызды акт болып табылады.
Отырыс ашылуында ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Еуропа бағыты Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі болып қала беретінін атап өтті. Ол ғаламдық турбуленттілік жағдайында ЕО-мен әріптестікті нығайтудың ерекше маңызға ие екеніне және бұл үдеріс сапалы сараптамалық қолдауды, сондай-ақ ашық диалогты қажет ететініне назар аударды.
Отырысты жүргізген ҚСЗИ директорының орынбасары Даурен Абен Қазақстан мен Еуропалық одақтың 30 жылдық ынтымақтастық кезеңінде стратегиялық өзара іс-қимылдың орнықты архитектурасын қалыптастырғанын айтты. КӘЫК — ЕО тарапынан Орталық Азия елдерінің ішінде алғаш рет осындай деңгейде жасалған құжат.
Еуроодақ Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық және инвестициялық әріптесі: 2024 жылы тауар айналымы шамамен 50 млрд долларға жетіп, екіжақты қатынастар тарихындағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді, ал ЕО елдерінің Қазақстан экономикасына салған жалпы инвестиция көлемі 200 млрд доллардан асты. Ынтымақтастықты одан әрі тереңдету «Жаһандық қақпа» бастамасы, стратегиялық маңызды шикізат бойынша серіктестік, жасыл энергетиканы ілгерілету, озық технологияларды енгізу және сараптамалық байланыстарды нығайту арқылы мүмкін. ҚСЗИ бүгінде Еуропаның 25-тен астам талдау орталықтарымен тұрақты байланыс орнатып, бірлескен зерттеулер жүргізіп, институционалдық серіктестікті кеңейтіп келеді.
Талқылауға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, ҚР СІМ жанындағы «Сыртқы саясатты зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Таженов, ҚР СІМ Сыртқы саясатты талдау және стратегиялық болжау департаменті директорының орынбасары Ильяс Карсаков, ҚР СІМ Еуропа департаменті директорының орынбасары Жангелді Сырымбет, Президенттік орталық директорының орынбасары Мариан Әбішева, Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Жұмабек Сарабеков, «Nazarbayev University» Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің ассистент-профессоры Жәнібек Арынов, «Контртеррористік комитет» РҚБ төрағасы, ұйымдасқан қылмыс пен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ЕО-ның «EU ACT» жобасының ұлттық сарапшысы — үйлестірушісі Аманжол Уразбаев қатысты.
Сарапшылар Қазақстанның Еуропа бағытындағы сыртқы саясат басымдықтарын, КӘЫК іске асырылуының он жылындағы негізгі жетістіктерді, Астана мен Брюссель арасындағы өзара іс-қимылға геосаяси және санкциялық ахуалдың ықпалын, сондай-ақ Қазақстан мен ЕО елдерінің аналитикалық орталықтары арасындағы сараптамалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Отырыс қорытындысында қатысушылар Қазақстан мен Еуропалық одақтың экономикалық, ғылыми, технологиялық, климаттық саясат және гуманитарлық салада әріптестікті одан әрі кеңейтуге айтарлықтай әлеуеті бар екенін атап өтті. Өзгермелі халықаралық ахуал жағдайында тұрақты сараптамалық диалогтың маңыздылығы ерекше аталды, себебі ол практикалық ұсынымдар әзірлеуге және өзара түсіністікті тереңдетуге мүмкіндік береді.















