3 ақпан күні ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында сөз сөйлеп, қазақстандықтардың реформаны қабылдауы бойынша жүргізілген әлеуметтанулық сауалнамалардың нәтижелерімен бөлісті.
Өз баяндамасында ҚСЗИ директоры 2025 жылдың қазанында басталған ауқымды конституциялық реформаның алғашқы күннен бастап азаматтармен тікелей кері байланыс қағидаты негізінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Ж. Шаймарданов жаңа Конституция жобасы жарияланған сәттен бастап қоғамдық пікірталастың да жандана түскенін жеткізді. Атап айтқанда, eOtinish платформасы арқылы азаматтардан келіп түскен ұсыныстар саны 4000-нан асты. Ұсыныстар қарапайым азаматтардан, сарапшылардан және адвокаттық қауымдастық өкілдері тарапынан жолданған.
Түсіп жатқан сұрақтар мен бастамаларды ҚСЗИ директоры үш негізгі бағыт бойынша топтастыруды ұсынды: Конституцияның қоғамдық санадағы рөлін қайта пайымдау, құқық үстемдігі мен әділеттілік қағидаттарын нығайтудың, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын дәйекті іске асырудың маңыздылығы, сонымен бірге мемлекеттің және білім беру жүйесінің зайырлы сипатын бекіту.
Сонымен қатар Ж. Шаймарданов «Қоғамдық пікір» институты жүргізген әлеуметтанулық сауалнаманың нәтижелерімен бөлісті.
Зерттеу қорытындылары көрсеткендей, респонденттердің 79%-ы жүргізіліп жатқан реформаларды дер кезінде қолға алынған деп санайды. Азаматтардың едәуір бөлігі конституциялық өзгерістерді жеке әл-ауқат пен өмір сапасының жақсаруымен тікелей байланыстырады. Атап айтқанда, сауалнамаға қатысқандардың 65%-ы ұсынылып отырған өзгерістер олардың өміріне оң әсер етеді деп есептейді. Соның нәтижесінде, респонденттердің басым көпшілігі, нақты айтқанда 78%-ы, Конституциялық реформаны қолдайтынын білдірген.
«Тәуелсіз әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, конституциялық реформа азаматтардың кеңінен қатысуына және қоғамдық қолдауға сүйенеді», – деп түйіндеді ҚСЗИ директоры.
Конституциялық комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 21 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Конституциясын жаңарту жөніндегі ұсыныстарды жан-жақты әрі жүйелі пысықтау мақсатында құрылған. Оның құрамына 130 адам, атап айтқанда Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мәслихат төрағалары, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, өңірлік қоғамдық кеңестердің, сараптамалық және ғылыми қауымдастықтардың өкілдері кірді.




