2 шілде күні Парламентаризм институты базасында «Қазақстанның конституциялық дамуы: жария билікті ұйымдастырудың жаңа моделіне көшу және құқық үстемдігін қамтамасыз ету» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің сарапшылары, сондай-ақ ЮНИСЕФ өкілдері қатысты.
Іс-шараның негізгі спикерлерінің бірі ретінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы Марат Жұмағұлов баяндама жасады.
Өз баяндамасында ол 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген жаңа Конституция мемлекеттік құрылыстың жаңа моделіне көшуді білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл тек Ата Заң мәтінін жаңарту ғана емес, сонымен қатар жария билік жүйесін, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін және мемлекеттік басқару қағидаттарын қамтитын жаңа конституциялық архитектураны қалыптастыру үдерісі.
Марат Жұмағұлов конституциялық реформалардың төрт негізгі бағытын атап өтті.
Бірінші бағыт билік тармақтарының бөліну жүйесін өзгертуге байланысты. Жаңа модель Президент, Құрылтай және Үкімет арасындағы институционалдық тепе-теңдік қағидатына негізделген. Енді бірқатар маңызды мемлекеттік тағайындаулар Құрылтайдың келісімімен жүзеге асырылады, бұл тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейтеді.
Екінші бағыт заң шығарушы билікті реформалауға қатысты. Екі палаталы Парламенттің орнына елдің жоғары өкілді органы ретінде Құрылтай құрылды. Сонымен қатар, Конституция парламенттік бақылау тетіктерін кеңейтіп, Қазақстан Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы құқығы арқылы заң шығару үдерісіне қатысу мүмкіндігін қарастырады.
Үшінші маңызды бағыт құқық үстемдігінің жаңа кепілдіктерін қалыптастыруға арналды. Егер сот қолданылатын нормативтік құқықтық акт азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуы мүмкін деген қорытындыға келсе, ол міндетті түрде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жүгінуге тиіс. Бұл адам құқықтарын сот арқылы қорғау тетіктерін едәуір күшейтеді.
Жаңа Конституцияның экономикалық және әлеуметтік ережелеріне жеке назар аударылды. Атап айтқанда, Ата Заң жекелеген аумақтардың дамуын ынталандыру мақсатында арнайы құқықтық режимдерді енгізу мүмкіндігін қарастырады, мемлекеттің әлеуметтік сипатын сақтайды, сондай-ақ білім беру жүйесінің зайырлы қағидатын бекітеді.
Сөз соңында Марат Жұмағұлов басталған Құрылтай сайлау науқаны жаңа институттардың тиімділігіне берілетін алғашқы практикалық сынақ болатынын атап айтты. Оның айтуынша, реформалардың нақты бағасы Конституцияның мазмұнына ғана емес, оны іске асыру сапасына да тікелей байланысты болады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар халықаралық сарапшылармен ашық диалог жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Мұндай өзара іс-қимыл Қазақстанның конституциялық моделін одан әрі дамыту барысында әлемдік озық тәжірибені ескеруге мүмкіндік береді.


