Бибигуль Омирбаева,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Жаһандық экономика және орнықты даму бөлімінің басшысы
Қазақстан мен Ресейдің XXII өңіраралық ынтымақтастық форумы халықаралық сауда ағындары мен логистикалық тізбектер қайта құрылып жатқан кезеңде өтіп жатыр. Сондықтан жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру тақырыбы екі ел үшін салалық қана емес, стратегиялық маңызға да ие.
Бірегей Қазақстан мен Ресей географиясына өзара іс-қимыл тән: елдерімізді әлемдегі ең ұзын үздіксіз құрлық шекарасы байланыстырады, ал ынтымақтастық іс жүзінде барлық шекаралас өңірлерді қамтиды. Мұндай жағдайда көлік инфрақұрылымы жүк тасымалдау құралы ғана емес. Ол өзара сауда қарқынын, өнеркәсіптік кооперацияның географиясын және өңірлердің трансшекаралық өндіріс тізбектеріне қатысу мүмкіндіктерін айқындайды.
Бүгінде мұндай ынтымақтастықтың экономикалық негізі айтарлықтай ауқымды. 2025 жыл қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27,4 млрд долларды құрады. Қазақстан сыртқы саудасының бестен бір бөлігіне жуығы Ресей үлесіне тиеді. Елдеріміздің үкіметтеріне өзара тауар айналымын 30 млрд долларға дейін жеткізу міндеті қойылды. Қазақстанда ресейлік қатысуы бар 21 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, ал өнеркәсіптік кооперация портфеліне жалпы сомасы 52 млрд доллардан асатын 177 бірлескен жоба кіреді.
Сауданың одан әрі өсуі бүкіл логистикалық жүйенің сапасына байланысты болады. 2025 жылы Қазақстанның Ресейге экспорты 14,8%-ға қысқарса, ресейлік өнім импорты 3,5%-ға өсті. Сондықтан 30 млрд долларлық межеге қол жеткізу қазақстандық шикізаттық емес экспортты кеңейтумен, жоғары деңгейде қайта өңделген өнімдерді өзара жеткізуді дамытумен және бірлескен өндірістер құрумен қатар жүруге тиіс.
Дәл көлік байланысы осы міндетті шешудің құралына айнала алады. 2025 жылы екі ел арасындағы теміржол тасымалдарының жалпы көлемі 92 млн тоннаға жетті. Соңғы бес жылда Қытай – Қазақстан – Ресей – Қытай бағыты бойынша контейнер тасымалы 8 есе өсіп, 549,3 мың ЖФЭ-ге жетті. Бұл Қазақстан мен Ресейдің екіжақты тасымал нарығына ғана емес, айтарлықтай бірлескен транзиттік әлеуетке де ие екенін көрсетеді.
Келесі кезеңдегі басымдық бағдарлардың бүкіл бойындағы инфрақұрылым және әкімшілік шектеулерін жою болуға тиіс. Ол үшін теміржол және автокөлік инфрақұрылымын үйлестіре жаңғырту, шекара маңындағы учаскелер мен өткізу пункттерінің өткізу қабілетін кеңейту, кедендік рәсімдерден өтуді жеделдету, электрондық құжат айналымын енгізу және көлік деректерінің кедергісіз алмасуын қамтамасыз ету маңызды. Шекарадан өту жылдамдығы мен жеткізу мерзімдерінің болжамдылығы бағдарлардың ұзақтығынан кем емес маңызды бәсекелестік артықшылықтарға айналуда.
Халықаралық көлік дәліздерін бірлесіп дамыту ерекше маңызға ие. Қазақстан мен Ресей дәстүрлі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағыты шеңберінде ғана емес, Иран, Парсы шығанағы мемлекеттері мен Оңтүстік Азия нарықтарына шығуды қамтамасыз ететін «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту кезінде де өзара іс-қимыл жасай алады. Ендік және меридиандық бағдарларды ұштастыру неғұрлым орнықты еуразиялық көлік желісін қалыптастыруға және жекелеген бағыттарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Алайда түпкі мақсат транзиттік тасымалдың өзі болмауға тиіс. Егер көлік дәліздерінің бойында өнеркәсіптік және логистикалық тораптар, тарату орталықтары, өңдеу кәсіпорындары мен шекара маңындағы өндірістік кластерлер қалыптаса бастаса, экономикалық нәтиже айтарлықтай жоғары болады. Мұндай жағдайда көлік инфрақұрылымы Қазақстан мен Ресей өңірлерінде тікелей қосылған құн қалыптастырып, жұмыспен қамтуды ынталандырады және шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Осы тұрғыдан алғанда, форумның Омбы қаласында өтуі символдық мәнге ие. Омбы облысы Қазақстанның бірден екі өңірімен – Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарымен шектеседі, ал Қазақстан оның сыртқы сауда айналымының 30%-дан астамын қамтамасыз етеді. 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның Омбы облысымен өзара саудасы 17,5%-ға өсті. Бұл дәл шекаралас өңірлердің жаңа логистикалық, өнеркәсіптік және сауда шешімдерін сынақтан өткізу алаңдарына айнала алатынын айқын көрсетеді.
Қазақстан үшін стратегиялық мүдде көлік байланыстарын жаңғыртудың транзиттің өсуіне ғана емес, экспортты әртараптандыруға, отандық өңдеу саласын дамытуға және өңірлерді бірлескен қосылған құн тізбектеріне тереңірек тартуға ықпал етуінде жатыр. Сондықтан XXII өңіраралық ынтымақтастық форумы жекелеген бағдарларды дамытудан Қазақстан мен Ресейдің ортақ логистикалық экожүйесін қалыптастыруға көшудің практикалық алаңына айналуға тиіс. Басқаша айтқанда, көлік екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығына жаңа сапа бере отырып, экономика мен шекара маңындағы өңірлерді дамытуға қызмет етуі керек.


