Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ сарапшысы Малайзия мен Орталық Азия ынтымақтастығына арналған дөңгелек үстелге қатысты

ҚСЗИ сарапшысы Малайзия мен Орталық Азия ынтымақтастығына арналған дөңгелек үстелге қатысты

2026 жылғы 17 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Бауыржан Әукен «Case for Deeper Malaysia – Central Asia Engagement» атты жабық сараптамалық дөңгелек үстелге онлайн қатысты. Жиынды Малайзияның Стратегиялық және халықаралық зерттеулер институты ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелге сарапшылар мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Олар Малайзия мен Орталық Азия елдерінің бүгінгі қарым-қатынасын және оны дамыту болашағын талқылады.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестиция, көлік қатынасы, білім беру және халықтар арасындағы тікелей байланыс мәселелеріне, сондай-ақ Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азияны жақындастыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

ҚСЗИ мен Малайзияның Стратегиялық және халықаралық зерттеулер институты сараптамалық ынтымақтастықты тұрақты дамытып келеді. 2024 жылғы 17 мамырда Малайзия Премьер-министрі Анвар Ибрагимнің Қазақстанға ресми сапары кезінде екі институт өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат бірлескен зерттеулер жүргізуге, сараптамалық диалогты дамытуға және талдамалық материалдар алмасуға бағытталған.

Дөңгелек үстел осы ынтымақтастықтың жалғасы болды. Жиын тараптардың Қазақстан мен Малайзия арасындағы сараптамалық байланысты нығайтуға, сондай-ақ Малайзияның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасын кеңейтуге мүдделі екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Дайджест жаңалықтарына жазылу