2026 жылғы 24 қыркүйекте Астанада Үндістан Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан – Үндістан стратегиялық диалогы 2026» (Kazakhstan – India Strategic Dialogue 2026) өтті. Шараны ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ) атсалысты, диалог университет қабырғасында өтті. Оған екі елдің дипломаттары, сараптама орталықтарының мамандары және ғылыми-академиялық орта өкілдері қатысты.
Диалогты Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангал, ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен, ЕҰУ басқарма мүшесі – әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ләззат Төлегенқызы және ҚР СІМ Сыртқы саяси зерттеулер институтының өкілі Сергей Савельев кіріспе сөзбен ашты.
Дәурен Әбен халықаралық жүйе түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде екі елдің қарым-қатынасының стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Ол тараптар арасындағы жоғары деңгейдегі саяси байланысты кең ауқымды экономикалық ынтымақтастыққа ұластыру қажеттігіне тоқталды. Сөз барысында көлік-логистика байланыстарын кеңейту, сауданы әртараптандыру, энергетика, аса маңызды минералдар мен жаңа технологиялар салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ гуманитарлық және өңіраралық байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Спикердің пікірінше, Қазақстан мен Үндістан Орталық және Оңтүстік Азияның өзара байланысын нығайтуға, тұрақты әрі инклюзивті еуразиялық кеңістік қалыптастыруға елеулі үлес қоса алады.
Бірінші сессияда көпполярлы әлемде өңірлік тұрақтылық пен экономикалық интеграцияны нығайтудағы екі елдің рөлі талқыланды. Сарапшылар отыз жылдан астам уақыт бойғы екіжақты әріптестіктің нәтижелерін, елдердің көпжақты институттардағы өзара іс-қимылын, сараптамалық дипломатияның рөлін, бірлескен бітімгершілік қызметті, сондай-ақ сауда-инвестициялық байланыстарға ықпал ететін факторларды саралады.
ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев сараптамалық дипломатияның мүмкіндіктері мен шектеулеріне тоқталып, сарапшылар арасындағы пікірталас пен ресми мемлекетаралық келісімді бір-бірінен ажырата білу керек екенін айтты. Ол сондай-ақ сауда, есеп айырысу және логистикаға қатысты нақты мәселелерді шешу үшін зерттеушілер мен бизнес өкілдерінің тақырыптық кездесулерін тұрақты өткізуді ұсынды.
Екінші сессияда әріптестіктің практикалық қырлары қарастырылды: көлік бағыттарының болашағы, энергетика мен сыни шикізат саласындағы ынтымақтастық, туризм мен қоғамдық дипломатияның әлеуеті, сондай-ақ екіжақты қатынастарды нығайтудағы БАҚ-тың рөлі сөз болды.
ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы Мұхит Асанбаев алдағы бес-он жылда екі ел әріптестігінің бағытын инфрақұрылымдық, тарифтік және есеп айырысуға қатысты кедергілерді жою айқындайтынын жеткізді. Оның сөзінше, транзит шығыны жоғары, жүк жеткізу мерзімі ұзақ болып, санкциялық режимдер сақталып тұрғанда, екі ел арасындағы тауар айналымы негізінен ірі шикізат келісімшарттары есебінен ғана өседі.
Пікірталас қорытындысында қатысушылар екі елдің ынтымақтастығын дамытудың әлеуеті зор екенін және сондай-ақ, сараптамалық, академиялық және іскерлік топтары арасындағы байланысты тереңдету қажеттігін атап көрсетті. Қазақстан – Үндістан стратегиялық диалогы екіжақты күн тәртібінің негізгі бағыттары бойынша пікір алмасып, әріптестікті одан әрі дамытудың практикалық жолдарын талқылайтын алаңға айналды.












