Жанар Тулиндинова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Медиажобалар бөлімінің басшысы
Бүгін Бакуде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VII саммиті өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіндегі маңызды мазмұндық басымдықтардың бірі технологиялардың мемлекетаралық қатынастарға әкеліп жатқан өзгерістерін ескере отырып, қауіпсіздік күн тәртібін кеңейту болды. Осы тұрғыда жасанды интеллектіні АӨСШК-ның алтыншы өлшемі ретінде енгізу ұсынылды.
Бұл бастама халықаралық қауіпсіздіктің табиғаты өзгеріп жатқанын көрсетеді. Әскери саладағы болжамдылық пен дауларды реттеудің дәстүрлі мәселелеріне салдары ұлттық юрисдикциялар шегінен әлдеқайда асып түсетін технологияларды пайдалану қағидаттарын келісу қажеттілігі қосылып отыр. Енді өзара сенім бір елдің цифрлық мүмкіндіктерінің дамуы басқа елдер үшін бақылаусыз тәуекелдердің көзіне айналмайтынына деген сенімді де қамтиды.
Осы тұрғыдан алғанда, жасанды интеллект жөніндегі ұсыныс пен Превентивті дипломатия тетігін құру бастамасы бір логикаға негізделеді: халықаралық институттар алдын ала әрекет ету қабілетіне ие болуы тиіс. Бір жағдайда мемлекетаралық қайшылықтардың шиеленісуінің алдын алу туралы айтылса, екіншісінде технологиялық қатерлерге қатысты тәсілдерді күні бұрын келісу көзделеді. Ортақ міндет – тәуекелдің туындауы мен оған ұжымдық жауап қайтару арасындағы алшақтықты қысқарту.
АӨСШК-ны толыққанды халықаралық ұйымға айналдырудың маңызы дәл осы міндет арқылы айқындалады. Азиядағы халықаралық қауіпсіздік әлсіреп жатқан жағдайда ынтымақтастықтың неғұрлым орнықты институционалдық негізі қажет. Трансформацияның мәні диалогқа деген саяси дайындықты тұрақты консультацияларға, келісілген шешімдерге және оларды іске асыру тетіктеріне айналдыру қабілетінде жатыр. Қатысушылар құрамы кең болған жағдайда мүдделер елеулі түрде алшақтаса да, өзара іс-қимылды сақтап қалу мүмкіндігі ерекше құндылыққа ие болады.
Президент сөзіндегі тағы бір маңызды басымдық сенім мен экономикалық өзара байланыстылықтың арақатынасына қатысты. Көлік бағыттары, байланыс желілері мен энергетикалық желілер мемлекеттер арасында ұзақ мерзімді міндеттемелер қалыптастырады. Олар ережелерді келісуді, инфрақұрылымды қорғауды және шешімдердің болжамдылығын талап етеді. Сондықтан АӨСШК-ның көлік байланыстылығы жөніндегі стратегиясын әзірлеу туралы ұсынысты дәліздерді дамытуды өңірлік қауіпсіздіктің кеңірек контексіне енгізу әрекеті ретінде қарастыруға болады.
Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі мен Каспий жасыл энергетикалық дәлізі бұл қисынға нақты мазмұн береді. Осындай жобалар дамыған сайын Каспий цифрлық, энергетикалық және көлік ағындары тоғысатын торап ретінде маңызға ие болады. Сонымен қатар оның тұрақтылығы мен экологиялық әл-ауқатын сақтауға деген ортақ мүдделілік артады. Өзара тәуелділік қайшылықтарды өздігінен жоймайды, бірақ оларды келісім арқылы реттеуге қосымша ынталандырулар қалыптастырады.
Бұл күн тәртібінде ұсынылған АӨСШК-ның Су серіктестігі ерекше орын алады. Орталық Азия үшін су мәселесі азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті, экожүйелердің жай-күйін және экономикалық даму перспективаларын өзара байланыстырады. Бірлескен зерттеулер, технологиялар алмасу және су үнемдеу шешімдерін енгізу су мәселесі бойынша келіссөздердің ортақ ақпараттық және технологиялық негізін нығайта алады. Бұл ұлттық басымдықтар мен жоспарлау көкжиектері әртүрлі болған жағдайларда айрықша маңызды.
Жалпы алғанда, Қазақстанның бастамалары сенім шаралары идеясының мазмұнын кеңейтуді ұсынады. Енді олардың аясына технологиялар, инфрақұрылым және ресурстарды басқару кіреді, ал тиімділік өлшемі мемлекеттердің белгісіздікті бірлесіп азайтып, дағдарыстардың алдын алу қабілеті болмақ. АӨСШК үшін ынтымақтастықтың практикалық тетіктеріне осылай көшу институционалдық трансформацияның басты нәтижесіне айналуы мүмкін.


