Skip to content
Басты бет » Қоғамдық келісім: әлеуметтік қайшылықтарды шешудегі Заң мен тәртіптің рөлі

Қоғамдық келісім: әлеуметтік қайшылықтарды шешудегі Заң мен тәртіптің рөлі

Ольга Қалдыбаева,

Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы

«Қоғамдық келісім – егемендігіміздің мызғымас кепілі», – деп атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған сөзінде. Сонымен қатар Мемлекет басшысы: «Заң мен тәртіпті қамтамасыз етпей, бейбітшілік пен келісімді сақтамай, прогреске қол жеткізу және түптеп келгенде бірлігімізді сақтау мүмкін емес», – деп баса айтты.

Бұл тұжырымдар қоғамдық келісім, заңды сақтау және мемлекеттік институттардың орнықтылығы арасындағы маңызды өзара байланысты көрсетеді. Сонымен бірге қоғамдық келісімді келіспеушіліктердің болмауымен теңестіруге болмайды. Кез келген қоғамда мүдделер, құндылықтар және әділеттілік туралы түсініктер әртүрлі болады. Туындайтын қайшылықтардың қалай реттелетіні принципті маңызға ие.

1990 жылы америкалық әлеуметтік психолог Том Тайлердің «Адамдар заңды неге сақтайды?» (Why People Obey the Law) атты маңызды еңбегі жарық көрді. Автор онда эмпирикалық зерттеулер негізінде азаматтардың заңды сақтауға дайындығы тек жазадан қорқумен немесе қолайсыз салдардан аулақ болуға ұмтылумен ғана айқындалмайтынын көрсетті. Биліктің заңдылығын және шешім қабылдау рәсімдерінің әділдігін қабылдау да маңызды рөл атқарады.

Бұған дейін тұжырымдалған рәсімдік әділеттілік тұжырымдамасын дамыта отырып, Тайлер адамдар өздері үшін тиімсіз шешімдерді де, егер олар бейтарап түрде, белгіленген қағидаларды сақтай отырып және қатысушылардың құқықтарын құрметтеу арқылы қабылданды деп есептесе, мойындауға бейім болатынын көрсетті. Институттарға деген сенім және белгіленген қағидалардың заңдылығын мойындау қайшылықтардың ашық қақтығыстарға ұласуына жол бермей, оларды реттеуге мүмкіндік береді.

Этностық, тілдік және мәдени алуандығымен ерекшеленетін Қазақстан үшін бұл тәсілдің маңызы ерекше. Топтық мүдделер мен қоғамдық ұстанымдардың әртүрлі болуы табиғи құбылыс, алайда ол міндетті түрде текетіреске әкелмейді. Келісімді сақтаудың аса маңызды шарты – барлық азаматтардың құқықтарын тең қорғауды қамтамасыз ететін бірыңғай әрі түсінікті өзара іс-қимыл қағидаларының болуы.

Бұл тұрғыда «Заң мен тәртіп» қағидаты заңнаманы сақтаумен ғана шектелмей, қайшылықтарды болжамды әрі әділ жолмен шешуге мүмкіндік беретін институционалдық ортаны қалыптастыруды да көздейді. Мемлекеттік институттардың бейтараптығы, заң алдындағы теңдік және құқықтық тетіктердің қолжетімділігі қоғамның сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Тұрақты қоғамдық келісім ашық қақтығыстардың болмауымен ғана емес, қоғамның туындайтын қайшылықтарды жалпыға ортақ қағидалар аясында шеше алу қабілетімен де айқындалады. «Заң мен тәртіп» қағидатының, қоғамдық келісімнің және мемлекеттіліктің орнықтылығының өзара байланысы дәл осыдан көрінеді.