Skip to content
Басты бет » 2026 жылғы Жолдау: Орталық Азияның дамуы аясындағы Қазақстанның инфрақұрылымдық бастамалары

2026 жылғы Жолдау: Орталық Азияның дамуы аясындағы Қазақстанның инфрақұрылымдық бастамалары

Айдар Құрмашев,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы

Президент ұсынған «Халықтық құрылыс» бастамасы Орталық Азиядағы өндірістік кооперацияға қосымша серпін беруі мүмкін. 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланған. Бұл ретте Тоқаев маңызды шарт қойды: қажетті құрылыс материалдары, металл конструкциялар мен инженерлік жабдықтар ел ішінде өндірілуге тиіс. Менің ойымша, бұл өңірлік серіктестер үшін Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар құруға, технологиялық ынтымақтастықты дамытуға және мамандар даярлауға мүмкіндік ашады. Бірнеше жылға созылатын тұрақты сұраныс бизнеске өндірісті кеңейтуді жоспарлауға жағдай жасайды. Өңірлік нәтиже көршілес елдердің компаниялары осындай кооперацияға қаншалықты қатыса алатынына және қазақстандық кәсіпорындармен орнықты байланыс орната алатынына байланысты болады.

Көлік саласындағы бастамалар бүкіл өңірдің сыртқы сауда жағдайына ықпал ете алады. Жолдауда келтірілген бағалауға сәйкес, «Бақты – Аягөз» желісінің іске қосылуы Қытаймен жүк тасымалдаудың өткізу қабілетін 20 млн тоннаға арттырады, ал «Арал – Каспий» магистралі Транскаспий бағытының ұзындығын шамамен мың шақырымға қысқартады. Қазақстанның көршілері үшін бұл инфрақұрылымның дамуы экспорттық бағыттарды таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, жеткізілімдердің болжамдылығын арттыруға жол ашады. Алайда нәтижеге қол жеткізу үшін шекара өткелдерінің, тасымалдаушылар мен порттардың жұмысын үйлестіру қажет. Дүниежүзілік банк те Орта дәліздің экономикалық тиімділігін инфрақұрылымдық инвестициялар, цифрландыру және мемлекетаралық үйлестірудің ұштасуымен байланыстырады. Сондықтан көлік тораптарының айналасында өндірістерді дамыту жөніндегі тапсырманың дербес маңызы бар: ол транзитті өз өнімін өндірумен және экспорттаумен ұштастыруға мүмкіндік береді.

2029 жылға қарай электр энергиясының тұрақты профицитіне қол жеткізу міндетінің тікелей халықаралық өлшемі бар. Президент бұл міндетті өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының және цифрлық экономиканың өсіп келе жатқан қажеттіліктерімен байланыстырды. Егер жаңа қуаттар уақтылы іске қосылса, Қазақстан өзінің дамуын сенімдірек қамтамасыз етіп, көршілерімен электр энергиясын өзара жеткізу мүмкіндіктерін кеңейте алады. Орталық Азия үшін бұл энергиямен жабдықтау сенімділігін арттырудың және бірлескен өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асырудың әлеуетті ресурсы. Мұндай нәтижеге жету үшін мемлекетаралық электр желілерін жаңғыртып, электр энергиясы саудасының келісілген шарттарын қалыптастыру қажет. Энергиямен қамтамасыз етілу деңгейі жаңа өндірістердің орналасуына да әсер етеді: инвестор кәсіпорынның бүкіл жұмыс кезеңінде жеткілікті көлемде электр энергиясын ала алатынына көз жеткізуі керек.

Жолдаудың цифрлық бағыты Қазақстанда ұлттық нарықтан тыс жерлерде де сұранысқа ие болатын инфрақұрылым қалыптастыруға жол ашады. Тоқаев Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тарту жұмыстарының аяқталғанын, екі суперкомпьютердің іске қосылғанын және деректерді өңдеу орталықтарының салынып жатқанын хабарлады. Егер бұл қуаттар коммерциялық негізде қолжетімді болса, Қазақстан Орталық Азия компанияларына деректерді сақтау және өңдеу қызметтерін, жасанды интеллект міндеттеріне арналған есептеу қуаттарын ұсына алады. Көршілес елдердің бизнесі үшін бұл технологиялық серіктестерді таңдау мүмкіндігін кеңейтеді. Алайда мұндай инфрақұрылымға сұраныс қызмет құнына, электрмен жабдықтаудың сенімділігіне, деректердің қорғалуына және мамандардың болуына байланысты қалыптасады. Дәл осы шарттар цифрлық қуаттарға салынған инвестицияларды қызметтер экспортының тұрақты көзіне айналдыруға мүмкіндік береді.

Су шығынын азайту және Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құруды аяқтау жөніндегі тапсырмаларды Орталық Азияның су тапшылығына ортақ осалдығы тұрғысынан қарастыру қажет. Еуразиялық даму банкінің бағалауынша, батыл өзгерістер жасалмаса, 2028 жылға қарай өңірдегі су тапшылығы жыл сайын 5–12 текше шақырымға жетуі мүмкін. Сондықтан ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейту мен жаңа кәсіпорындар салуды нақты су ресурстарымен қамтамасыз етілу деңгейіне сәйкестендіру қажет. Ұлттық деңгейдегі анағұрлым дәл есепке алу көршілермен салыстыруға келетін деректер алмасуға және суды пайдалануды келісуге негіз бола алады. Мұның практикалық маңызы айқын: фермерлер, энергетика саласының өкілдері және инвесторлар үшін белгісіздікті азайту. Қазақстан ішіндегі су үнемдеу шараларының нәтижелері жаңа су алу нысандарын жоспарлау және трансшекаралық су жеткізу мәселелерін талқылау кезінде ескерілсе, бұл өңірлік ынтымақтастықты нығайтады.

Критикалық металдарға қатысты ұсыныстар экономикалық дипломатияның тағы бір бағытын айқындайды. Президент олардың қорларын басқару жүйесін құру, ұзақмерзімді қаржыландыруды қамтамасыз ету және Қазақстанды жаһандық өндірістік тізбектерге қосу үшін стратегиялық серіктестіктерді дамыту міндеттерін қойды. Қазақстан үшін бұл ресурстарға қолжетімділікті өңдеу саласына инвестиция тартумен, технологиялар трансферімен және кадрлар даярлаумен байланыстыру мүмкіндігі. Орталық Азия үшін мұндай жұмыс бірлескен геологиялық зерттеулерге, өндірістік жобаларға және көлік инфрақұрылымын пайдалануға жол аша алады. Нақты құзыреттер мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар пайда болған сайын елдің келіссөздердегі ұстанымы нығая түседі. Сондықтан халықаралық серіктестіктің сапасын ұлттық экономикада қандай технологиялар, мамандар және күрделірек өнім өндіру мүмкіндіктері қалатыны арқылы бағалаған орынды.