Борис Поломарчук,
Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас сарапшысы,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Павлодар облысы бойынша өкілі
Президенттің бүгінгі Жолдауын өңірлік саясат үшін өзіндік сынақ ретінде қарастыруды ұсынар едім.
Бүгінде Павлодар облысы дамудың ерекше кезеңінде тұр. Бір жағынан, бұл – еліміздің ірі индустриялық орталықтарының бірі. 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,29 трлн теңгені құрап, 8%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 961,3 млрд теңгеге жетіп, 13,8%-ға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 430,5 млрд теңгені құрап, 18,8%-ға ұлғайды. Бірінші жартыжылдықта нақты жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) 10,6%-ға өсті.
Алайда назардан тыс қалдыруға болмайтын басқа да статистикалық деректер бар. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста 742,1 мың адам тұрды. Бұл ретте қаңтар-тамыз айларында көші-қон сальдосы теріс мәнге ие болды (3 444 адам). Оның негізгі себебі – ішкі көші-қон (3 620 адам). Осы кезеңдегі табиғи өсім небәрі 287 адамды құрады, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1 072 адам болған.
Менің ойымша, бүгінгі Жолдаудың басты мәселелерінің бірі дәл осы тұста жатыр. Экономикасы қуатты өңір адамдар өмір сүргісі келетін өңірге де айнала ала ма?
Бұл енді тек өнеркәсіптік саясаттың мәселесі емес. Бұл – қалалық ортаның сапасы, білім беру, медицина, тұрғын үй, көлік, экология, жастарға арналған мүмкіндіктер және, сайып келгенде, кәсіби әлеуетті іске асыру перспективалары туралы мәселе.
Президент бүгін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртуға шамамен 6,5 трлн теңге бөлуді ұсынды. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға тағы 1,5 трлн теңге бағыттау көзделіп отыр. 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау ұсынылды.
Өңірлік саясат үшін бұл – қағидаттық тұрғыдан маңызды мәселе. Бүгінде инфрақұрылымға бағытталған қаражат ең алдымен бес-он жылдан кейін қандай демографиялық, экономикалық және әлеуметтік нәтиже беретіні тұрғысынан бағалануы тиіс.
Мәселен, жаңа жол салсақ, халықтың қозғалыс мүмкіндігі мен бизнестің нарықтарға қолжетімділігі арта ма? Мектеп салсақ, адами капиталдың сапасы өзгере ме? Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртсақ, жаңа құрылыс пен инвестициялар үшін мүмкіндік пайда бола ма? Жұмыс орындарын ашсақ, жастарды өңірде ұстап қала аламыз ба?
Менің ойымша, дәл осындай тәсіл өңірлік статистиканы жай сандар жиынтығынан стратегиялық басқару құралына айналдырады.
Павлодар облысының экономикалық негізі берік: өнеркәсіп ЖӨӨ-нің шамамен 47%-ын қалыптастырады, өңірде 1,2 мыңнан астам өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді, ал облыс негізгі өнім түрлерінің бірқатарын өндіру бойынша елде жетекші орындарға ие. Ендігі ауқымды әрі маңызды міндет – индустриялық артықшылықты өмір сүру сапасындағы артықшылыққа айналдыру.
Осы тұрғыдан алғанда, Жолдау өңірлерге дайын жауаптардан гөрі ауқымды жұмыс бағдарын ұсынады. Бюджеттен қомақты қаражат бөлумен қатар, өңірлердің алдына ең алдымен өз инфрақұрылымдық тапшылығын анықтау міндеті қойылды. Президент қысқа мерзімде облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына қажеттіліктеріне кешенді зерттеу жүргізуді тапсырды. Яғни мәселе «қаражатты қайда бағыттау керек?» дегеннен емес, алдымен «нақты осы аумаққа не жетіспейді және қай нысан ең жоғары әлеуметтік нәтиже береді?» деген сұрақтан басталуы тиіс.
Мұнда қаржыландыру қағидаты да маңызды. Президенттің пайымдауынша, мемлекеттік қаражат жеке капиталды ығыстырмай, керісінше, жеке инвестицияларды тартудың кепіліне айналуы керек. Үкіметке ұзақ мерзімді қаржыландыру көздерін жұмылдыру тапсырылды. Бұл индустриялық өңірлер үшін айрықша маңызды, өйткені инфрақұрылымдық жоба жай ғана бюджет есебінен салынатын нысан емес, жаңа бизнес пен жаңа өндірістердің пайда болуына негіз болуы тиіс.
Ақырында, өңірлік саясат үшін қаржыландыру көлемінен де маңызды болуы мүмкін тағы бір жайт бар. Президент ауқымды құрылысты жаңа өндірістермен және цифрлық экономиканы дамытумен тікелей байланыстырды. Демек, инфрақұрылым ендігі жерде экономикалық дамудың келесі кезеңіне арналған платформа ретінде қарастырылады.
Павлодар облысы үшін бұл әсіресе өзекті. Бізде қуатты өнеркәсіптік база, инвестициялар мен құрылыс белсенділігінің жоғары көлемі бар. Ендігі міндет – Павлодар облысының индустриялық әлеуетінен дамудың жаңа сапасына көшу, халықты өңірде тұрақтандыру, білікті кадрларды тарту, экономиканы әртараптандыру және өмір сүру сапасын арттыру.


