Skip to content
Басты бет » Автомобиль жолдары – ел дамуының күретамыры

Автомобиль жолдары – ел дамуының күретамыры

Жандос Кудайбергенов,

Өңірлермен жұмыс бөлімінің бас сарапшысы,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Ақтөбе облысы бойынша өкілі

Автомобиль жолдары кез-келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жүйе болып саналады. Қазақстан аумағының кеңдігі, елді мекендердің бір-бірінен шалғай орналасуы және елдің Еуропа мен Азияны байланыстыратын қолайлы географиялық орналасуы заманауи, сапалы әрі қауіпсіз автомобиль жолдары желісін қалыптастыруды талап етеді. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі негізгі құрлықтық көлік көпірлерінің бірі ретінде халықаралық жүк тасымалында маңызды рөл атқарып келеді. Мысалы, өткен жылы ел аумағы арқылы тасымалданған жүк көлемі 1 млрд. тоннадан асты. Қазақстан арқылы Еуропа мен Ресейді Оңтүстік Азия және Парсы шығанағы мемлекеттерімен байланыстыратын «Солтүстік-Оңтүстік», сондай-ақ 2017 жылы қолданысқа берілген, жалпы ұзындығы 2452 шақырымды құрайтын Қытай мен Батыс елдері арасындағы «Шығыс-Батыс» халықаралық көлік дәліздері өтеді. Осы себепті, автомобиль жолдарының техникалық жағдайы, өткізу қабілеті мен қауіпсіздік деңгейі Қазақстанның транзиттік әлеуетін тиімді іске асыруға және елдің жаһандық көлік-логистикалық жүйедегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей ықпал ететін шешуші факторлардың бірі болып табылады.

Жолдауда келтірілген мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта еліміз бойынша шамамен 13 мың шақырым автомобиль жолы салынып, жөнделуде. Бұл ретте халықаралық дәліздердің құрамына кіретін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына бірінші кезекте назар аударылуға тиіс. Ең маңызды жобалардың бірі – «Сексеуіл-Бейнеу» автомобиль жолының құрылысы. Ұзындығы шамамен 800 шақырым болатын бұл автожолдың құрылысы өңірдің экономикалық және транзиттік әлеуетін арттырады. Жоба жергілікті тұрғындар үшін 10 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және жол бойындағы инфрақұрылымға 15-20 млрд. теңге жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Құрылыс кезінде материалдарының 90%-дан астамы отандық өнімдер болады деп жоспарлануда. Магистраль бойында кемінде 5 көпфункционалды қызмет көрсету кешені салынады. Ақтау және Құрық порттарына баратын жол 900-1000 шақырымға қысқарып, жүк жеткізу мерзімі 3 есе азаяды. Нәтижесінде жүк ағыны 2,5 есе артып, туристік ағын жыл сайын 30-40%-ға өседі. Осындай республикалық маңызы бар жобалар өңірде жергілікті халықты жұмыспен қамтуға, отандық өндірісті қолдауға, шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етеді.

Қазақстандағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту үдерісін жергілікті (қала, аудан, ауыл) жол желісін жаңғыртудан бөлек қарастыруға болмайды, өйткені облыстық және аудандық жолдар ауылдық елді мекендердің ірі көлік магистральдарына шығуын қамтамасыз ететін бірыңғай инфрақұрылымдық жүйенің ажырамас бөлігі болып табылады. Жалпы ұзындығы шамамен 70 мың шақырымды құрайтын жергілікті жолдар елдегі бүкіл автомобиль жолдары желісінің 74%-ын қамтиды және олар арқылы ауыл шаруашылығы өнімдері, құрылыс материалдары мен күнделікті қажетті тауарлар тасымалданады. Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 85%-ға жеткенімен, олардың сапасын одан әрі арттыру өзектілігін сақтап отыр. Себебі жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы көлік шығындарын көбейтіп, жедел медициналық көмектің уақтылы көрсетілуін қиындатады, сондай-ақ халықтың білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін шектейді. Ал, жергілікті жолдардың жақсаруы тасымалдау уақыты мен көлік шығындарын қысқартып, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өткізу нарықтарына қолжетімділігін кеңейтеді, тауар айналымын ұлғайтады және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Сондықтан жол саласын қаржыландыру кезінде ірі транзиттік жобалармен қатар облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жүйелі түрде жөндеу мен жаңғыртуға басымдық берілуі тиіс.

Осылайша, заманауи республикалық маңызы бар автомобиль жолдары халықаралық транзитті нығайтса, сапалы жергілікті жолдар халықтың өңір ішінде қозғалыс мүмкіндігін кеңейтіп, аймақтардың дамуына қолдау көрсетеді. Жол желісін кешенді жаңғырту еліміздің тиімді географиялық орналасуын неғұрлым ұтымды пайдалануға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.