Жанар Нақыпбаева,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Қоғамдық пікірді
зерттеу бөлімінің бас сарапшысы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің барлық өңірінде инфрақұрылым салуға ерекше назар аударды. «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында әлеуметтік нысандарды (денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт мекемелерін) салу және жаңғырту басым бағыттардың бірі ретінде айқындалды. Президент атап өткендей, азаматтарды қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі шарты.
Жаңа нысандарға қажеттілік көбіне демографиялық өзгерістерге байланысты. Қазақстанда шамамен 7 миллион бала (халықтың 34%-ы) тұрады, жыл сайын 330 мыңнан астам бала дүниеге келеді, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны артып отыр. Алайда Президент қалыптасқан тапшылықты бұдан да терең себеппен – мемлекеттік ресурстарды бөлудің бұрынғы тәсілдеріндегі кемшіліктермен де байланыстырды.
Әңгіме әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерге бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы туралы болып отыр. Мұндай көмекті тұрмысы жақсы отбасылар да алған, ал мектептер мен ауруханалардың тапшылығы сақталып келген. Осындай қолдау наразылықты уақытша бәсеңдеткенімен, мәселелердің түпкі себептерін жоймады. Жүйенің жетілмегендігі патерналистік ұстанымдардың орнығуына, масылдық көңіл күйдің күшеюіне, теріс пайдаланушылық пен сыбайлас жемқорлық схемаларының көбеюіне ықпал етті.
Сонымен бірге Президент өз сөзінен бір апта бұрын жәрдемақы алудың жаңа қағидаларын талқылауға байланысты қоғамда туындаған алаңдаушылыққа нақты түсініктеме берді. Мемлекет басшысы шын мәнінде мұқтаж азаматтарды қолдау мен мемлекеттік қаражатты негізсіз алудың аражігін айқын ажыратты. Шынымен қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсету – әлеуметтік мемлекеттің міндеті. Ал негізсіз төлемдер алу, нақты мұқтаждықсыз жеңілдіктерді пайдалану және жүйедегі олқылықтарды жеке мүддеге жарату – мүлде басқа мәселе.
Әлеуметтанулық тұрғыдан алғанда, мұндай тәсіл мемлекетті үй шаруашылықтарының әл-ауқатына басты жауапты тарап ретінде қабылдайтын патернализмді еңсеруге бағытталған. Төлемдерге ұзақ уақыт тәуелді болу жеке бастаманы және еңбек етуге ынтаны әлсіретеді, бейресми жұмыспен қамтылуға ықпал етеді, кедейліктің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы мен әлеуметтік маргиналдану қаупін күшейтеді.
Сондықтан Жолдаудың маңызды тұжырымдарының бірі ретінде әлеуметтік саясатқа қатысты тәсілдерді қайта қарауды және әлеуметтік қолдаудың басымдығын проблемалардың салдарын жоюдан олардың түпкі себептерімен күресуге ауыстыруды атауға болады. Мемлекет азаматтарға қолдау көрсетумен қатар, олардың білім алу, еңбек ету және кәсіби даму арқылы өмір сапасын жақсартуына жағдай жасауды көздейді. Бұл әлеуметтік қорғаудан бас тартуды білдірмейді. Керісінше, көмек ең алдымен оған шын мұқтаж адамдарға жетуі тиіс. Сонымен бірге адамдардың жылдар бойы мемлекеттік қолдауға тәуелді болып қалуына әкелетін себептерді жою қажет.
Осындай сезімтал мәселеде қағидаларды өзгерту сақтықты талап етеді. Сондықтан Президент әлеуметтік қолдаудың жаңа тетіктерін алдын ала зерделеп, оларды пилоттық режимде сынақтан өткізу қажеттігін атап өтті. Қоғам үшін өзгерістердің әлеуметтік осал топтардың жағдайын нашарлатпайтынына көз жеткізу маңызды. Бюджет қаражатын үнемдеу әлеуметтік саясаттың түпкі мақсатына айналмауы тиіс.
Осы тұрғыда «Халықтық құрылыс» әлеуметтік қолдау шараларын толықтырады. Мектептер мен ауруханалар салу жәрдемақыларды алмастырмайды, бірақ тек ақшалай төлемдер арқылы шешу мүмкін емес мәселелерді еңсеруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Жолдауда 8 перинаталдық орталық пен 7 көпбейінді балалар ауруханасын салу, инклюзивті білім беруге жағдай жасау көзделген. Ал қызмет сапасы мамандарға да байланысты болғандықтан, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің учаскелік қызметі қызметкерлерінің жалақысын 40%-ға дейін арттыру, педагогтердің артық есептілігін қысқарту және мұғалім беделін нығайту шаралары қарастырылған.
Осылайша өзара жауапкершілік (әріптестік) қағидаты қалыптасады. Мемлекет білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, лайықты еңбек етуге жағдай жасайды. Ал азаматтардан осы мүмкіндіктерді пайдалануға дайын болу, бастама көтеру және қоғамдық ресурстарға жауапкершілікпен қарау талап етіледі.
Алайда әріптестік тек жаңа қағидалар енгізу және нысандар салу арқылы қалыптаспайды. Президент елдің орнықты ілгерілеуі ең алдымен азаматтардың санасын жаңғыртумен, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырумен байланысты екенін, ал «Адал азамат» тұжырымдамасы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Адал азамат өзіне тиесілі емес нәрсені алуға ұмтылмайды және ең алдымен өз еңбегіне сүйенеді. Президенттің «Әрекет түбі – берекет» деген мақалды еске салуы кездейсоқ емес.
Мемлекет басшысы бұл құндылықтарды жасампаз отаншылдықпен байланыстырды: «Патриот болу – Заңды құрметтеу, Тәртіпті сақтау, Отан игілігі үшін аянбай еңбек ету». Әлеуметтік салада мұның тікелей мәні бар. Мемлекеттік бюджеттен заңсыз алынған кез келген қаражат – мұқтаж отбасыға жетпеген немесе мектеп пен аурухана құрылысына жұмсалмаған қаржы. Бұл жағдайда «Заң мен тәртіп» қағидаты екі тарапқа да қатысты: мемлекеттен баршаға ортақ ашық әрі әділ ережелерді және заң бұзушылық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын, ал азаматтардан адалдық пен жауапкершілікті талап етеді.
Осылайша Жолдауда мемлекет пен азаматтар арасындағы қатынастарды қайта қарау бағыты айқындалды. Атаулы қолдау әлеуметтік инфрақұрылымға инвестиция салумен және адамның өз бетінше дамуына мүмкіндік жасаумен ұштасуы тиіс. Бұл ретте әріптестікті азаматтардың тек өз күшіне көбірек сенуі туралы талаппен шектеуге болмайды. Ол мемлекеттің де өзара міндеттемелерін, әділ ережелерді және олардың орындалатынына деген сенімді көздейді. Әлеуметтік саясаттағы өзгерістерді қоғамның қалай қабылдайтыны көбіне осы шарттарға байланысты болады.


