2022 жылғы 7 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Білім және ғылым мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестің бірінші отырысы өтті.
Ғылым мен білім елдегі адами капиталдың сапасын айқындайды, сондықтан білім беру жүйесін жаңғырту мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиялық міндеті болып табылады.
Заманауи білім беру саласы цифрландыру, жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы инновациялар, сондай-ақ табысты мансап құру үшін маңызды болып табылатын жеке қасиеттермен тығыз байланысты «икемді» дағдылар мен құзыреттерді қайта бағалау аясында айтарлықтай өзгеріске түсуде.
Қазіргі заманғы түлектер жаһанданған еңбек нарығының негізі болып табылады, мұнда тіпті жергілікті компаниялар да әлемдік бәсекеге қабілетті еңбек биржасының бір бөлігі болып табылады. Сондықтан еліміздің білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі мемлекеттің дамуындағы айқындаушы факторы болып табылады. Осыған байланысты, ҚР Білім және ғылым министрлігін Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі ретінде қайта ұйымдастыру оқушылар мен студенттерді сапалы кәсіби бағдарлық даярлауды күшейтеді.
ҚСЗИ жанындағы Білім және ғылым мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес аймақтық өндіріс ерекшеліктері тұрғысынан, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық және геосаяси сипаттағы сын-қатерді ескере отырып, білім мен ғылымды жаңғырту жөнінде ұсыныстар әзірлеуге бағытталған.
Бірінші отырыста кеңес жұмысының негізгі бағыттары және зерттеудің басым тақырыптары айқындалды. Олардың ішінде: ғылымды қаржыландыру, «Болашақ» бағдарламасын жетілдіру, ғылым мен білім саласындағы мемлекеттік тілдің қолданысы, өңірлік жоғары оқу орындарының аудиті және басқа да өзекті мәселелер.
Кеңестің құрылтай жиналысына ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, М.С. Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ университеті Басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Қарбозова, «Ұлттық Ustaz» онлайн академиясының жетекшісі Гүлмира Қорғанбаева және «Amanat» партиясының саяси жұмыс департаментінің кеңесшісі Гүлнар Нұрахметханова қатысты.