2022 жылдың 12 мамырында Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэтрин Личпен кездесті.
Шара барысында Қазақстанның ішкі күн тәртібіне, атап айтқанда елдегі жүргізіліп жатқан саяси реформалар, 5 маусымда өтетін референдум, аймақтық және халықаралық қауіпсіздік мәселелері сондай-ақ екі ел арасындағы аналитикалық саладағы ынтымақтастыққа қатысты кең ауқымды тақырыптар талқыланды.
Ұлыбритания Елшісі Қазақстан Республикасы Президентінің 16 наурыздағы Жолдауын жіті қадағалағанын, оның барысында елдегі ауқымды саяси реформаларды жүргізу жоспарлары жарияланғанын атап өтті. К.Личтің айтуынша, Қазақстан үлкен өзгерістердің қарсаңында тұр және алдағы референдумда халық өзініңазаматтық борышын өтеуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар елші «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілетудегі ҚСЗИ-дың рөлі туралы сұрады.
ҚСЗИ директорының пікірінше, Қазақстан үшін бұрынғы қателіктерді қайталамау, диалогқа ашық болу және саяси реформаларды жүзеге асыру барысында жаңа табысты тәжірибелерді енгізуді жалғастыру маңызды болмақ.
Сондай-ақ Е.Тұқымов ҚСЗИ жұмысындағы жаңалықтарға да тоқталды. Бұл ретте пайдалы ақпарат пен жүйелі ғылыми зерттеулер жарияланатын жаңартылған веб-сайт іске қосылғанын атап кеткен жөн. Сонымен қатар, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес институт өзекті мәселелер бойынша тұрақты түрде ашық пікірталастар өткізуге қолдау көрсетеді. Мысалы, ҚСЗИ алаңында белгілі сарапшылармен, оның ішінде жақын арада елдің саяси және экономикалық дамуының драйверлеріне айналуы тиіс шетелдік ЖОО оқыған жас қазақстандық түлектерді тарту арқылы кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Әлемдік турбуленттілік жағдайында тұрақты түрде пікір алмасу және ашық зерттеулер жүргізу маңызды. Осыған байланысты тараптар аналитикалық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Мәселен, британдық белгілі Chatham House талдау орталығымен бірлескен сараптамалық алаңдарды өткізу мүмкіндігі қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша екі жақ ынтымақтастықты әрі қарай жалғастырып, бірлескен жобалар мен халықаралық іс-шараларға қатысуға дайын екендіктерін растады.