ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Австрия институтының Еуропалық саясат және саяси қауіпсіздік жөніндегі директоры Майкл Зинканеллмен Астана Халықаралық форумы аясында кездесу өткізді.
Қазақстанның алдағы 5 жылға арналған стратегиялық перспективалары туралы айта келе, ҚСЗИ директоры сыртқы саясаттың барлық салаларындағы теңдестірілген қарым-қатынастарға бірінші кезекте мән берілетінін айтты. Сондай-ақ көлік және логистикалық маршруттарды әртараптандырудың маңызы артып жатқанына тоқталды. Сонымен қатар Қазақстанның ұлттық басымдығы қазір әртүрлі геосаяси күштер арасындағы тепе-теңдікті сақтау екенін сөз етті: «Менің ойымша, біз сыртқы әріптестермен қарым-қатынасымызды үзбеуіміз керек. Қытай, Ресей, Орталық Азия елдерімен және Каспий өңірімен көршілес болу – біз үшін ерекше маңызға ие. Орталық Азия өңірінде тұрақтылықты сақтау – еліміздің сыртқы саясатының басымдығы», – деді Еркін Тұқымов.
Тараптар Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара қарым-қатынастардың әлеуетін талқылап, қазақстандық жүктердің Еуроодаққа экспорты 6,5 есеге артқанын атап өтті.
Кездесу соңында қос тарап Қазақстан мен Австрия арасындағы қарым-қатынасты дамытудың басым бағыттарын талқылады. Оған қоса тараптар зерттеулер мен тәжірибе алмасуда байланыс орнатуға келісті.