Бүгін «ҚСЗИ GPS» Ұлттық сараптама алаңының отырысында Мемлекет басшысының Жолдауын талқылау барысында Экономикалық даму жөніндегі сараптамалық кеңестің құрылғаны жарияланды. Кеңес экономикалық дамудың әртүрлі аспектілерін талдау және талқылаумен айналысады. Бұл жұмыстың нәтижесі ретінде Мемлекет басшысына, Президент Әкімшілігіне, Үкіметке және басқа да мүдделі тараптарға жолданатын ұсынымдар болады.
Сараптамалық кеңес отырысының тақырыбы – мемлекеттік жоспарлау жүйесі. Қазақстан Президентінің Жолдауында бұл жүйені ықшам әрі икемді етіп түбегейлі қайта қарау міндеті қойылды. Еліміз – жаһандық экономикалық жүйенің маңызды бөлігі. Сондықтан барлық сыртқы сын-қатерлер мен қазіргі экономикалық орта неғұрлым икемді және бейімді жоспарлау әдісін талап етеді. Тиімді мемлекеттік жоспарлау жаһандану және жылдам өзгеретін әлем жағдайында ел стратегиясының құрамдас бөлігіне айналуда.
Директордың орынбасары, Экономикалық зерттеулер орталығының басшысы Нұрлан Сақуовтың айтуынша, мемлекеттік жоспарлау жүйесі Президенттің барлық тапсырмаларын одан әрі сапалы әрі тиімді іске асыру үшін бірден-бір негіз. «Жүйе арқылы бағдарламалар құрылып, көрсеткіштер, міндеттер мен тапсырмалар анықталады. Олардың басқа стратегиялық құжаттармен және қаржылық ресурстармен байланысы зерттеледі», – деді ол.
Сараптамалық кеңес отырыстарының барысында тұрақты негізде басқа да маңызды тақырыптарды талқылау жоспарлануда. Мысалы, бюджетаралық қатынастар, өңірлік даму, ағымдағы экономикалық тәуекелдер. Кеңес толыққанды әрі сапалы ұсыныстар әзірлеп, экономикалық және стратегиялық міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Кездесуге экономика және қаржы саласының сарапшылары, сараптамалық қауымдастық өкілдері қатысты. Олардың ішінде «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы Рахым Ошақбаев, Стратегиялық бастамалар орталығының аға серіктесі Олжас Құдайбергенов, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Сұлтанов, Экономикалық саясат институтының президенті Қайырбек Арыстанбеков, «Атамекен» ҰКП сарапшысы Талғат Ерғалиев, СЖЖРА Стратегиялық жоспарлау және реформаларды мониторингілеу департаменті директорының орынбасары Мұхтар Әбуталип, Стратегиялық талдау және даму департаменті директорының орынбасары Толқын Кәрімова және басқалар болды.