18 қыркүйек күні Орталық Азия халықаралық институтының (Өзбекстан) ұйымдастыруымен «Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Бесінші консультативтік кездесуі: тұрақтылық, қауіпсіздік және орнықты даму» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ОА елдері мен Ресейдің мемлекеттік және тәуелсіз талдамалық және ғылыми-зерттеу құрылымдарының өкілдері қатысты.
Сарапшылар Душанбеде өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Бесінші консультативтік кездесуінің қорытындысын талқылап, аталған іс-шараның өңірді одан әрі дамыту үшін қандай маңызы бар екенін атап өтті. Сарапшылардың айтуынша, бұл кездесу Орталық Азия мемлекеттерінің өңірдегі бейбітшілік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мүддесінде көпжақты ынтымақтастықты кеңейтіп тереңдетуге бейілділігін растайды.
Сондай-ақ сарапшылар дөңгелек үстел аясында өңірдегі саяси және экономикалық дамудың басым міндеттері, сауда-экономикалық байланыстарды арттыру және өңірдегі көліктік өзара байланысты нығайту бойынша пікір алмасты. Халықаралық Аралды құтқару қоры саммитінің қорытындысын қарастырып, ОА елдерінің осы саладағы өзара іс-қимылының өзекті күн тәртібі бойынша нақты ұсыныстарды талқылады.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Асқар Нұрша өз сөзінде өңірлік ынтымақтастықты кеңейту қажеттігін атап өтті. «ОА елдерін бір-біріне қарай итермелейтін объективті ішкі және сыртқы жағдайлар бар. Сондықтан жоғары деңгейдегі тұрақты диалогты қолдау сенім мен мәселелердің барлық спектрі бойынша өзара қолайлы шешімдерді іздеуге ықпал етеді», – деді ол. Сарапшы бар қиындықтар мен тәуекелдерге байыпты қарауға және күш-жігерді олардың алдын алуға және бейтараптандыруға бірлесіп бағыттауға үндеді.
Спикердің айтуынша, бүгінде өңір елдерінің ынтымақтастық байланыстарды дамыту үшін үлкен мүмкіндік бар. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бесінші консультативтік кездесуде айтқан бағалауын келтірген орынды: «Таяудағы онжылдық біздің өңіріміз үшін айқындаушы болады. Осы тарихи мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдаланатынымыз тек өзімізге байланысты. Бұл тұрғыда біздің экономикалық мүмкіндіктерімізді, әлеуетімізді барынша тарту – басым міндет».