Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Өзбекстанға жұмыс сапары барысында 10 қазан күні бірқатар «ақыл-ой орталықтарымен» келіссөз жүргізді.
Атап айтқанда Институт басшысы Өзбекстанның бес талдау орталығының басшылықтарымен кездесті. Осылайша Президент Әкімшілігінің Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығының директоры Обид Хакимов ұйымның негізгі қызмет бағыттарымен таныстырды. Кездесу барысында қос ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Еркін Тұқымов Қазақстанда экономикалық реформалар күн тәртібінде тұрғанын және елімізді Өзбекстандағы реформаларды ілгерілету динамикасы қызықтыратынын атап өтті.
Келесі кездесу Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігінің кеңсесінде өтті. Мұнда екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды. Ұйым басшысы Шухрат Вафаев Қазақстанмен қарым-қатынасты дамыту перспективаларымен бөлісті. Тараптар экономикалық реформаларды ілгерілету саласындағы қос елдің мемлекеттік органдары арасындағы институционалдық өзара іс-қимылдың маңызына тоқталып, Қазақстан мен Өзбекстанға су мәселелерін шешу үшін ынтымақтастықты дамыту қажет деген ортақ пікірге келді.
Сондай-ақ ҚСЗИ басшысы жаңа құрылған Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Әлеуметтік қорғау жөніндегі ұлттық агенттігіне барды. Кездесу барысында Стратегиялық талдау және әлеуметтік қорғау саясатын дамыту департаментінің басшысы Хуршид Зафари және Басым жобаларды іске асыру мен ақпараттық анализді жинау департаментінің басшысы Азамат Давлетиаров Өзбекстанның адами капиталының әлеуетін дамыту маңыздылығына байланысты әлеуметтік қорғауға көп көңіл бөлетінін айтты. Өз кезегінде Еркін Тұқымов Қазақстанда көп көңіл бөлінетін инклюзивті экономиканың дамуы туралы баяндады.
Бұдан бөлек ҚСЗИ директоры Өзбекстан Республикасының Министрлер кабинеті жанындағы Макроэкономикалық және өңірлік зерттеулер институтының (МӨЗИ) кеңсесіне барды. Институт басшылығы ҚСЗИ өкілдерін экономикалық реформалардың негізгі бағыттарымен таныстырды. Кездесу барысында талдау орталығының сарапшылары жасыл экономиканы дамыту және екіжақты қатынастардың перспективаларын талдау саласында жүргізіліп жатқан зерттеулердің негізгі нәтижелерін ұсынды. Еркін Тұқымов климаттың өзгеруінің салдары аймақ үшін үлкен қауіп екенін және бұл саяси күш-жігерді экологияға әсер тигізбейтін экономикалық жобаларға айналдыруды талап ететінін атап өтті. Бұдан бөлек тараптар «су мәселесі» туралы пікір алмасты.
Жұмыс бағдарламасының соңында Институт басшысы «Даму стратегиясы» орталығының (ДСО) басшылығымен кездесті. ДСО атқарушы директоры Эльдор Туляков ұйымның алдында тұрған негізгі мақсат-міндеттермен таныстырды. Сарапшы қос ел арасындағы экономикалық кооперацияның әлеуетті өсу драйверлерін сөз етті. Өз кезегінде Е.Тұқымов бірлескен индустриялық жобаларды жүзеге асыру екі елдің даму мақсаттарына сәйкес келетінін, оларды достық пен тату көршілік негізінде құруға болатынын айтты.