Skip to content
Басты бет » Анашым, ғалым деген кім?

Анашым, ғалым деген кім?

Қоғамға ғылымның үні не үшін керек?

Айгүл Забирова

Айгүл Забирова,

ҚР Президенті жанындағы

ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері

Кеш. Теледидар қосулы. Жаңалықтардан министрлер, депутаттар, экономистер, спортшылар, блогерлер көрінеді. Артынша жарнама. Анашым, ғалым деген кім? Анасы бір сәт үнсіз қалды. Балаға мектеп оқулығындағы портретті көрсету керек пе? Бірақ сол суреттегі кісі жүз жыл бұрын өмір сүрген, оған қоса ол Қазақстаннан да емес. Әлемге әйгілі физиктің немесе биологтың есімін атау керек пе? Бірақ бала ғылым тарихы туралы сұраған жоқ. Ол бүгінде өмір сүріп жатқан адам туралы сұрады. Оның аты кім? Ол немен айналысады? Неліктен ол туралы көп айтылмайды? Сөйтсе, оған жауап беру оңай емес екені белгілі болады.

Дәл осы сұрақты енді балаға емес, ересекке қойып көріңіз. Алар жауап бұдан да кем оғаш болмас еді. Мұғалім бағдарламадағы классиктің есімін айтады. Зерделі студент рецензиялау дегеннің не екенін түсіндірер еді де, өз еліміздегі тірі үш ғалымның атын атауды сұрағанда үнсіз қалар еді. Көрші бәрінен тез жауап береді, өйткені ол қазір ғылымға айтарлықтай қаражат бөлініп жатқанын естіген. Байқадыңыз ба, не болды? Бала адам туралы сұрады. Ал ересек жауап бергенде қайтыс болғандар, қорғау тәртібі және қаржыландыру жайын айтты. Бірде-бір жауапта тірі ғалым жоқ.

Ғылымда қаражат бар, бірақ үн жоқ. Ғылымды қаржыландыру және оны есту екеуі бір емес. Зертхана салып, университет ашып, грант бөлуге болады. Мұның бәрі қажет. Бірақ сол жерде жұмыс істейтін адамдарды бір рет те кезіктірмеуге болады. Көпшілік үшін ғылым бюджеттегі бір тізім. Бала одан қанша қаржы бөлінгенін сұраған жоқ қой. Ол ғалым деген кім екенін сұрады.

Бізде ғылым туралы бәрі айтады. Ал ғылымның өзі дерлік үндемейді. Ғылым туралы есеп береді, оған қаржы бөледі, оны шенеуніктер мен журналистер талқы етеді. Бірақ мұның бәрі ғылым туралы өзгенің сөзімен айтылған әңгіме. Бұл ағында ғалымның өз үні естіле бермейді. Ал баланың сұрағаны дәл сол.

Конференциялар ғалым үшін мәнінен айырылып кеткен дейтін скептикті тыңдап көрейік. Қымбат зал, ұшақ сапарлары мен қонақүйлер не үшін керек, онлайн бар емес пе? Егер мақсат ғылымды адамдарға жақындату болса, конференция күмәнді құрал сияқты көрінеді. Залда дәл сондай ғалымдар отырады. Олар бір-бірімен сөйлеседі. Бөтен адамдар онда жоқтың қасы.

Дегенмен скептик қателеседі. Ол конференцияның міндеті — ғылыми білімді қоғамға бірден жеткізу деп пайымдайды. Алайда конференцияның атқаратын ісі басқа. Кез келген ғылыми идея жалғыздықта туады. Алайда ол өзімен тең адамдармен кездескеннен кейін ғана ғылымға айналады. Оған қарсы пікір айтылғанда, әлсіз тұсы байқалғанда және дәлірек жауап іздеуге мәжбүрлегенде. Ғылым, жалпы, келісімнен емес, пікірталастан дамиды. Конференциялар дәл осы үшін керек. Ғылыми ой зертханадан бірден көпшілікке шықпайды. Ол алдымен өз ортасынан өтеді. Содан кейін ғана сенуге болатын білімге айналады.

Бұл тек бізге ғана қатысты емес. Қалай ойлайсыз, ғылымға ең көп сенім артатын елдер қайсы? Жауап күтпеген жерден шығады. Ең ірі халықаралық зерттеудің деректері бойынша, ғылымға сенім деңгейі ең жоғары алғашқы бес елдің қатарына Мысыр, Үндістан, Нигерия, Кения және Аустралия кірген[i]. Авторлар әл-ауқат деңгейі, білім беруге жұмсалатын шығындар, ғылыми сауаттылық және академиялық еркіндік сияқты ең айқын түсіндірмелерді тексерген. Олардың ешқайсысы неге бір елдерде ғылымға сенім жоғары, ал басқа елдерде төмен екенін түсіндіре алмаған. Демек, мәселе тек ақшада, білімде немесе ғылыми жүйенің ауқымында емес. Сенім адамдар ғылыммен өз өмірінде кездесетін жерде пайда болады. Олар оның не үшін қажет екенін және өздері үшін не істейтінін түсінген жерде қалыптасады.

Адамдарға не жетіспейді? Ашықтық. Сол халықаралық зерттеу адамдар ғалымдардың өз жұмысын түсіндіруге және қоғамға ашық болуға дайындығын ең төмен бағалайтынын көрсетті. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың 83%-ы ғалымдар қоғаммен ғылым туралы көбірек сөйлесуі керек деп санайды. Бұл нені білдіреді? Адамдар ғылымның өздерімен сөйлескенін күтеді.

Пандемия әлемнің көптеген елінде ғылым қоғамдық назардың ортасына шыққан, ал ғалымдарға деген сенім тұтастай өскен кезең болды. Бірақ біздің өңірімізде ерекшелік бар. Wellcome Global Monitor[ii] деректері бойынша, «Ресей, Кавказ, Орта Азия» өңірінде ғылымға деген назардың артуы іс жүзінде байқалмаған, ал өз елінің ғалымдарына деген сенім тіпті төмендеген. Басқа елдерде адамдар ғылымның іс жүзіндегі жұмысын бақылап жатқанда, бізде оның үні әлдеқайда бәсең естілді. Ал қоғамдық кеңістік ешқашан бос тұрмайды. Егер оны ғылыми білім толтырмаса, оны басқа түсіндірмелер толтырады. Кейде дәл. Кейде дәл емес. Бірақ көбіне әлдеқайда қатты әрі әлдеқайда сенімді естіледі.

Менің балалық шағымда ғалым туралы сұрақтың жауабы бар еді. Ғалым деген бір нәрсе ашқан адам. Емдейтін, жұлдыз санайтын, әлемнің қалай құрылғанын білетін адам. Бұл жауап әр баланың бойында бар еді, оны іздеудің қажеті жоқ болатын. Ол айналамызда жай ғана естіліп тұратын. Қазір жауап жоқ. Ғалымдар таусылып қалғандықтан емес. Олар бар, жұмыс істеп жүр және жаңалық ашып жатыр. Бірақ бұл жауап естілетін орын босап қалды. Арна басқа дауысқа толды. Бүгін ғалым деген кім деп сұрайтын бала өзі алатын жауаппен өседі. Егер оған қолжетімді жалғыз жауап «ғылымға ақша беріліп жатыр» болса, ол ғылым ақша туралы екен деп ұғады. Сенім осылай мұраға қалмайды.

24 маусымда Қазақстан ғылымын дамыту үшін жаңа жағдай жасайтын жаңа «Ғылым туралы» заңға қол қойылды[iii]. Ғылым қалашықтары, заманауи зерттеу орталықтары, ғалым құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін кеңейту, зерттеулердің өндіріспен тығыз байланысы ғылыми жүйені дамыту жолындағы маңызды қадамдар. Бірақ сенімнің табиғаты басқа. Сенімді заңмен бірге қабылдау немесе мемлекеттік бағдарламаға енгізу мүмкін емес. Ол қоғам өз ғалымдарын танығанда, олардың үнін естігенде және олардың не үшін қажет екенін жақсы түсінгенде пайда болады.

Кеш. Теледидар тағы қосулы. Бала қайтадан сұрайды: анашым, ғалым деген кім? Жауап ғылымның өз үні болған кезде пайда болады. Мұғалім конференциядан сертификатпен емес, жаңа оймен оралғанда. Журналист гранттың көлемі туралы емес, жаңалық туралы айтқанда. Көрші «ғылымға тағы ақша беріпті» демей, «ғалымдарымыз тауыпты…» дегенде. Қоғамға ғылымның үні дәл осы үшін керек. Себебі бір күні ол баланың ең қарапайым сұрағына жауапқа айналады. Ал әзірге ғылым экранға бір ғана цифр болып жеткенде, ананың шынымен жауап берер сөзі болмайды. Ғалымдар жоқ болғандықтан емес. Олардың үні дерлік естілмегендіктен.


[i] Cologna et al. (2025). ‘Trust in scientists and their role in society across 68 countries.’ Nature Human Behaviour.

[ii] https://wellcome.org/reports/wellcome-global-monitor-covid-19/2020

[iii] https://www.akorda.kz/ru/glavoy-gosudarstva-podpisan-zakon-respubliki-kazahstan-po-voprosam-nauki-naukoemkih-territoriy-socialnogo-obespecheniya-obrazovaniya-zdravoohraneniya-i-voinskoy-sluzhby-245557

Дайджест жаңалықтарына жазылу