Skip to content
Басты бет » Cарапшылар Қазақстанда жүзеге асып жатқан саяси реформалардың барысын талқылады

Cарапшылар Қазақстанда жүзеге асып жатқан саяси реформалардың барысын талқылады

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастыруымен «Қазақстанның саяси жаңғыруы: бағыт және бағдар» атты сарапшылар форумы өтті.

Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, белгілі саясаттанушылар мен әлеуметтік ғылым бағытындағы сарапшылар, академиялық қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ университет оқытушылары қатысты.

Форум жұмысы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымовтың алғысөзімен ашылды.

Одан соң форумның бірінші панельдік сессиясы басталып, ол Қазақстандағы саяси жаңғыру үдерісін талқылауға арналды. Сессия жұмысына ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қатысты. Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде қазіргі сайлау циклдары саяси реформаларды іске қосудың және барлық негізгі саяси институттарды қайта жаңғыртудың тетігі екенін атап өтті. Бүгінде Сенатта конституциялық реформаны жүзеге асыруға бағытталған заң жобалары қаралып жатыр. Аталған заң жобалары қабылданғаннан кейін келесі жылдан бастап азаматтардың құқығын қорғаудың мүлдем жаңа құқықтық және институционалдық механизмі іске асатын болады.

Спикерлерінің пайымдауынша, Мемлекет басшысының саяси реформалар бағытындағы кешенді бағдарламасын жүзеге асыру еліміздің түбегейлі өзгеруіне жағдай жасайды. Сарапшылар билік институттары «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» үлгісімен құрылуы керек деген пікірді қолдады.

Форумның екінші сессиясында сарапшылар Қазақстан қоғамын біріктіруге қатысты ойларымен бөлісті. Спикерлердің пікірінше, халқымызды қоғамдық құндылықтар біріктіреді. Ал ол құндылықтар уақыт өте келе жаңғырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырады. Саясаттанушылардың ойынша, барлық өзгерістер ашықтық, әділдік және баршаға бірдей мүмкіндік жасау принциптеріне негізделуі керек.