Skip to content
Басты бет » Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығын жаңғыртуда

Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығын жаңғыртуда

Қазақстан үшін азық-түлік қауіпсіздігі мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексі бойынша еліміз 113 мемлекеттің ішінде 32-орында тұр. Сонымен қатар сала қарқынды трансформациялануда: агроөнеркәсіптік кешенде заманауи технологиялар енгізіліп, өндірісті әртараптандыру мен цифрландыру кеңейтілуде, су ресурстарын басқару жүйесі жетілдірілуде.

Мемлекет басшысы Turkistan газетіне берген сұхбатында ауыл шаруашылығын қолдау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, «қомақты инвестициялар әрдайым күткен нәтижеге жеткізе бермейді, сондықтан олардың тиімділігіне ерекше назар аудару қажет» екенін атап өтті. Осы тұрғыда төмендегі басымдықтар алдыңғы қатарға шығады.

Біріншіден, ауыл шаруашылығы елдегі су ресурстарының шамамен 60% пайызын тұтынғандықтан, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту – негізгі бағыттардың бірі. Су ресурстары және ирригация министрлігі су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ суды есепке алу мен бөлуді цифрландыру бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. 2024 жылғы ірі су тасқындарынан кейін әзірленген Tasqyn су тасқынын болжау және модельдеу жүйесі осы жылы пайдалануға берілді. Бұл жүйе халықаралық GloFAS платформасымен біріктіріліп, су тасқыны жағдайын алдын ала болжауға және ауыл шаруашылығына келетін залалды азайтуға мүмкіндік беріп, өз тиімділігін көрсетті.

Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында жасанды интеллектіні экономика мен қоғамдық өмірге енгізудің маңыздылығын атап өтіп, аграрлық секторды мемлекеттік қолдау саланы дамытудың маңызды тетігі екеніне тоқталды. 2024 жылы жеңілдетілген несиелеу көлемі 580 млрд теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 1 трлн теңгеге жетті. Соңғы он жылда фермерлерді қолдау көлемі он есеге артты. Сонымен қатар 2025 жылдан бастап АӨК өндірушілер, өңдеушілер және мал шаруашылығы субъектілері үшін жаңа субсидиялау жүйесі іске қосылды, яғни субсидиялар қарсы міндеттемелер негізінде беріледі. Бұл бастаманың мақсаты – шаруашылық көлеміне қарамастан барлық фермерлер үшін мемлекеттік қолдауға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту.

Замира Жолдасқызы

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы