Skip to content
Басты бет » Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы: екіжақты өзара іс-қимылдың бірегей тетігі

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы: екіжақты өзара іс-қимылдың бірегей тетігі

Марат Рамазанов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы

2026 жылғы 24-25 шілдеде Омбы қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің XXII өңіраралық ынтымақтастық форумы биылғы екіжақты күн тәртібіндегі аса маңызды оқиғалардың бірі болып табылады. Оның маңызы мемлекет басшылары мен шекаралас өңірлер басшыларының дәстүрлі кездесуі аясынан әлдеқайда кең.

Форум әлемдік экономикалық архитектураның өзгеруі жағдайында саяси уағдаластықтардың іс жүзінде жүзеге асырылуын қамтамасыз ете отырып, өңіраралық ынтымақтастық стратегиялық серіктестікті іске асырудың дербес тетігіне айналып келе жатқан қазақстандық-ресейлік өзара іс-қимылдың біртіндеп өзгеруін көрсетеді.

Өзінің 23 жылдық тарихында Өңіраралық ынтымақтастық форумы посткеңес кеңістігінде іс жүзінде баламасы жоқ екіжақты өзара іс-қимылдың бірегей тетігіне айналды. Алғашында ол шекаралас аумақтарды дамыту алаңы ретінде қарастырылса, бүгінде саяси диалогты, инвестициялық ынтымақтастықты, өнеркәсіптік кооперацияны, көлік саласын дамытуды, гуманитарлық жобалар мен іскер топтардың өзара іс-қимылын біріктіре отырып, анағұрлым ауқымды міндеттерді атқарады.

Форумның Омбыға қайта оралуы символдық қана емес, тұжырымдамалық сипатқа да ие. Дәл осы жерде 2003 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы заманауи өңіраралық ынтымақтастықтың институционалдық негізі қаланды. Өткен жылдар ішінде бұл формат жоғары саяси деңгейде қабылданатын шешімдерді іс жүзінде жүзеге асыру құралы ретіндегі тиімділігін дәлелдеді.

Классикалық үкіметаралық тетіктерден айырмашылығы, өңіраралық формат билік органдарының, бизнестің, университеттер мен ғылыми орталықтардың тікелей өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді, бұл саяси уағдаластықтарды нақты экономикалық жобаларға әлдеқайда жылдам айналдыруға мүмкіндік береді.

Биылғы форум тақырыбының «Жаһандық логистикалық экожүйені қалыптастыру: Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» болып таңдалуы әлемдік экономикада болып жатқан сапалық өзгерістерді көрсетеді.

Бүгінде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі өндіріс ауқымымен ғана емес, халықаралық қосылған құн тізбектеріне тиімді интеграциялану қабілетімен де айқындалады. Жаһандық көлік ағындары ауқымды өзгергеннен кейін дамыған инфрақұрылымы мен қолайлы географиялық орналасуы бар мемлекеттердің рөлі ерекше арта түсті. Дәл сондықтан көлік пен логистика біртіндеп экономикалық өсудің негізгі факторларының біріне айналуда.

Осы тұрғыда Қазақстан мен Ресейдің объективті артықшылықтары бар. Қазақстан Қытай, Орта Азия, Каспий өңірі мен Еуропа арасындағы табиғи транзиттік көпір ретінде әрекет етсе, Ресей Еуразияның көлік жүйесінің аса маңызды элементі болып қала береді. Халықаралық көлік дәліздерін бірлесіп дамыту, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, логистикалық үдерістерді цифрландыру және шекара маңындағы көлік тораптарын дамыту экономикалық өзара іс-қимылдың жаңа моделінің маңызды элементтеріне айналуда.

Іс жүзінде әңгіме жекелеген көлік жобаларын дамыту туралы емес, көлік инфрақұрылымын, цифрлық платформаларды, өнеркәсіптік кооперацияны, кедендік рәсімдер мен инвестициялық тетіктерді біріктіретін бірыңғай логистикалық экожүйені қалыптастыру туралы болып отыр.

Форумның практикалық маңызы бүгінде қазақстандық-ресейлік экономикалық қатынастардың негізгі серпінін дәл өңірлік деңгей қамтамасыз ететіндігімен айқындалады.

Ресей Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала береді және елдің сыртқы сауда айналымының шамамен бестен бір бөлігін қамтамасыз етеді. 2025 жыл қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 27,4 млрд долларды құрады. Қазақстанда ресейлік қатысуы бар 21 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, ал жинақталған ресейлік инвестициялар 29 млрд доллардан асты. Сонымен қатар жалпы құны 52 млрд доллардан асатын 177 бірлескен инвестициялық жобадан тұратын ауқымды пул қалыптастырылды.

Алайда ынтымақтастық сипатының сапалық өзгеруі де аса маңызды. Бұрын өзара іс-қимылдың негізін дәстүрлі сауда байланыстары құраса, бүгінде бірлескен өндірістер, өнеркәсіптік кәсіпорындарды жергіліктендіру, технологиялық серіктестік және бірыңғай өндірістік тізбектер құру барған сайын маңызды рөл атқаруда. Осы тұрғыдан алғанда, өңіраралық ынтымақтастық өзгермелі сыртқы конъюнктура жағдайында ұлттық экономикалардың орнықтылығын арттыру тетіктерінің біріне айналуда.

Қазақстанның аса белсенді серіктестерінің бірі болып қала беретін Омбы облысы осының жарқын мысалы болып табылады. Қазақстан өңірдің сыртқы сауда айналымының 30%-дан астамын қамтамасыз етеді, ал 2026 жылғы өзара сауданың өсу қарқыны жоғары экономикалық өзара толықтырудың сақталып отырғанын көрсетеді. Омбы облысының Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарымен, сондай-ақ Алматы қаласымен дамыған байланыстары шекаралас аумақтардың іс жүзінде шаруашылық өзара іс-қимылдың жеткілікті дәрежеде тиімді экожүйесін қалыптастырып отырғанын көрсетеді.

Қазақстан-Ресей қатынастарының қазіргі кезеңінің ерекшелігі жоғары технологиялық секторлардағы ынтымақтастықтың кеңеюі болып табылады. Энергетика дәстүрлі өзара іс-қимыл саласы болып қала береді, алайда бүгінде оның мазмұны айтарлықтай өзгеруде. Мұнай-газ инфрақұрылымын дамытумен қатар атом энергетикасы, мұнай-химия, газ өңдеу және электр энергетикасы салаларындағы жобалар барған сайын маңызды мәнге ие болуда. Ресей тарапының қатысуымен Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасын іске асыру энергетикалық қауіпсіздікке ғана емес, инженерлік құзыреттердің дамуына және өнеркәсіптік жергіліктендіруге де ықпал ететін соңғы жылдардағы ең ірі технологиялық жобалардың біріне айналуы мүмкін.

Цифрландыру тағы бір перспективалы бағытқа айналып жатыр. Қазақстанда 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы цифрлық логистика, электрондық құжат айналымы, зияткерлік көлік жүйелері, үлкен деректерді талдау және жасанды интеллект технологиялары салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктерін объективті түрде кеңейтеді. Соның нәтижесінде цифрлық трансформация экономикалық өзара іс-қимылдың іс жүзінде барлық бағыттарын қамтитын негізгі элементке айналуда.

Экономикалық күн тәртібінің басымдығына қарамастан, Қазақстан-Ресей қатынастарының орнықтылығы көп жағдайда гуманитарлық байланыстармен де айқындалады.

Екі мемлекеттің ортақ тарихының маңызды беттерін байланыстыратын Омбы облысының Қазақстанның ең ірі білім беру серіктестерінің бірі болып қалуы назар аударарлық. Өңірде 7,7 мыңға жуық қазақстандық студент білім алып жатыр, білім беру ұйымдары арасында 190-ға жуық келісім қолданылады, ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылуы соңғы жылдардағы аса маңызды бірлескен жобалардың біріне айналды.

Неғұрлым кең мағынада алғанда, дәл гуманитарлық ынтымақтастық сенім, академиялық ұтқырлық және кәсіби байланыстар кеңістігін қалыптастыра отырып, екіжақты қатынастардың ұзақ мерзімді орнықтылығын қамтамасыз етеді.

Омбы қаласында өтетін XXII өңіраралық ынтымақтастық форумы Қазақстан-Ресей серіктестігінің сапалық эволюциясын көрсетеді. Алдыңғы жылдары өзара іс-қимылдың жекелеген бағыттарын дамытуға негізгі назар аударылса, бүгінде көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіп кооперациясын, цифрлық технологияларды, инвестициялар мен гуманитарлық ынтымақтастықты ұштастыруға негізделген өзара байланысты экономикалық модельді қалыптастыру алдыңғы орынға шығып отыр.

Қазіргі екіжақты қатынастар кезеңінің басты ерекшелігі де осында. Өңіраралық ынтымақтастық біртіндеп мемлекетаралық диалогты толықтырушы тетік қана болудан қалып, стратегиялық серіктестікті іске асырудың дербес институтына айналуда.

Әлем экономикасының өзгеруі және халықаралық сауданың аса маңызды кеңістігі ретінде Еуразия рөлінің күшеюі жағдайында мұндай тетіктердің маңызы объективті түрде арта түседі. Сондықтан Омбыдағы форумды кезекті жыл сайынғы іс-шара ретінде ғана емес, ұзақ мерзімді экономикалық орнықтылыққа және өзгермелі халықаралық ортада екі мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының жаңа моделінің қалыптасуының көрінісі ретінде де қарастырған жөн.