Гүлназ Қасымова,
Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы
Республика күніне арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 трлн теңге бағытталғанын атап өтті. Мемлекет басшысы бұл қаражатты халықтың әл-ауқатын арттыруға салынған инвестиция ретінде қарастыру қажет екенін айтты. Мұндай ұстаным мемлекеттік саясатты қаржыландыру көлемі мен жүзеге асырылған өзгерістердің ауқымы бойынша ғана емес, олардың нәтижелері азаматтардың өмір сапасына қаншалықты әсер ететіні тұрғысынан да бағалауды көздейді.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жүргізген әлеуметтанулық зерттеулер соңғы жылдардағы маңызды үрдісті, атап айтқанда, мемлекеттік реформаларды қоғамның бағалау өлшемдерінің біртіндеп өзгеріп жатқанын көрсетеді. Бұрын ел жетістіктері туралы түсінік көбіне ауқымды ұлттық жобалармен және жалпыұлттық маңызы бар оқиғалармен байланыстырылса, бүгінде халықтың күнделікті өміріне әсер ететін нақты нәтижелер барған сайын маңызды бола түсуде.
Мәселен, 2021 жылғы зерттеулерде респонденттер Қазақстанның елеулі жетістіктері ретінде EXPO-2017 халықаралық көрмесінің өткізілуін, спорттағы табыстарды, тәуелсіздіктің және елдің халықаралық ұстанымдарының нығаюын атаған. Ал 2025 жылғы зерттеулердің нәтижелері¹ қазіргі өзгерістерді бағалау кезінде білім беру, қауіпсіздік, әлеуметтік қолдау және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мәселелері алдыңғы орынға шыққанын көрсетеді. Зерттеу сұрақтарының тұжырымдалуында айырмашылықтар болғанымен, жауаптарды салыстыру мемлекеттік жетістіктерді қоғамдық қабылдаудағы басымдықтардың өзгергенін аңғаруға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, ел тұрғындары қазіргі реформалардың ең елеулі нәтижелері қатарында мектептер салу мен жаңғыртуды (38,2%), тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл шараларын (32,6%), цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамытуды (30,7%), «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыруды (29,5%) және зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігін (20,1%) атап өтті. Бұл ретте респонденттердің тек 5,1%-ы ешқандай өзгерісті сезінбейтінін мәлімдеді.
Аталған бастамалар мемлекеттік саясаттың әртүрлі бағыттарына жатады, алайда оларды адам мен оның отбасының қажеттіліктерімен тікелей байланысы біріктіреді. Мектептер салу білім алуға қолжетімділікті кеңейтеді, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл шаралары жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, цифрландыру мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жеңілдетеді, ал әлеуметтік бағдарламалар әл-ауқатты жақсартуға қосымша мүмкіндіктер жасайды.
Әлеуметтанулық тұрғыдан алғанда, бұл қоғамдық бағалаудың қалыптасуында жеке тәжірибенің рөлі артып келе жатқанын білдіреді. Сонымен қатар өзгерістердің қаншалықты байқалатыны олардың іске асырылу сипатына байланысты.
Қазақстан дамуының келесі кезеңі үшін бұл үрдістің қағидаттық маңызы бар. Әлеуметтік инфрақұрылым мен мемлекеттік сервистер кеңейген сайын олардың жұмыс сапасы, әртүрлі әлеуметтік топтар үшін бірдей қолжетімді болуы және қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығы негізгі мәселелерге айналады. Тиісінше, мемлекеттік саясаттың тиімділігін бағалау игерілген қаражат көлемін, салынған нысандар санын және мемлекеттік бағдарламалармен қамтуды ғана емес, азаматтардың көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттануын да ескеруі тиіс. ¹ Әлеуметтанулық сауалнама ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2025 жылы жүргізілді. Іріктеме көлемі – 8 000 респондент. Сауалнамаға 17 облыстан және республикалық маңызы бар үш қаладан – Астана, Алматы және Шымкенттен 18 жастан асқан респонденттер қатысты


