Skip to content
Басты бет » Қазақстанның шағын және орта бизнесі ұлттық экономиканың өндірістік әлеуетін арттыруда

Қазақстанның шағын және орта бизнесі ұлттық экономиканың өндірістік әлеуетін арттыруда

Айғаным Исенова,

Экономикалық саясатты талдау

бөлімінің бас сарапшысы

Республика күніне орай сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық тауарлар өндірісін ұлғайту және жаңа іскерлік мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 2019 жылғы 31,7%-дан 2025 жылы 40,9%-ға дейін, яғни 9,2 пайыздық тармаққа өсті. Осылайша, елде қалыптастырылатын қосылған құнның бестен екі бөлігінен астамы кәсіпкерлік секторға тиесілі. Бұл үрдіс ұлттық экономика ауқымының жалпы кеңеюімен қатар жүрді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ-сі 159,6 триллион теңгеге немесе шамамен 306 миллиард долларға жетіп, нақты өсім 6,5%-ды құрады. Осындай жағдайда ШОБ-тың экономикаға қосатын үлесінің артуы оның ұлттық экономика құрылымындағы орны нығайып, қосылған құн қалыптастырудағы кәсіпкерліктің рөлі өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Еңбек нарығында да елеулі өзгерістер орын алды. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 2019 жылғы 3,4 миллион адамнан 2025 жылы 4,5 миллион адамға дейін өсіп, 31,3%-ға артты. Жалпы, жеті жыл ішінде Қазақстан экономикасында 3,6 миллион жаңа жұмыс орны құрылды, оның 2,4 миллионы тұрақты жұмыс орындары болды. ШОБ кәсіпорындары өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында, саудада, көлікте және қызмет көрсету саласында халықты жұмыспен қамтып, кәсіби және кәсіпкерлік әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді.

Шағын және орта бизнестің дамуы Қазақстанның өнеркәсіптік базасының кеңеюімен қатар жүруде. Жеті жыл ішінде елде 625 жаңа орта және ірі өнеркәсіп кәсіпорны пайдалануға беріліп, 61,3 мың жұмыс орны ашылды. Жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы шикізатқа, материалдарға, құрамдас бөлшектерге, жабдықтарға, көлік және инженерлік қызметтерге қосымша сұраныс қалыптастырады. Ірі өнеркәсіп нысандарының айналасында жергілікті жеткізушілер, мердігерлер және сервистік ұйымдар желісін дамытуға мүмкіндіктер пайда болады.

Кәсіпкерлік сектор үшін өңдеу өнеркәсібін дамыту ерекше маңызға ие. 2025 жылы өңдеу өнеркәсібінің Қазақстан ЖІӨ-сіндегі үлесі 12,8%-ды құрап, 11,7%-ға жеткен өндіруші сектордың үлесінен асты. Шикізаттық емес өндірістің кеңеюі аралық өнімдер мен құрамдас бөлшектер шығаруға, сондай-ақ өнеркәсіптік қызметтер көрсетуге маманданған отандық кәсіпорындар үшін қосымша мүмкіндіктер ашады. Өндірістік кооперация дамыған сайын технологиялық операциялардың бір бөлігі ел ішінде орындалып, өндірісті жергіліктендіру деңгейінің тереңдеуіне және өндірістік құзыреттердің жинақталуына ықпал етуі мүмкін. Шағын және орта бизнес үшін мұндай процестерге қатысу өнімнің жаңа түрлерін игеруге, өткізу нарықтарын кеңейтуге және өндірістің технологиялық деңгейін арттыруға жол ашады.

Өнеркәсіптік өндірістің кеңеюіне автомобиль жасау саласы айқын мысал бола алады. 2019–2025 жылдары Қазақстанда шамамен 795 мың автомобиль өндірілді. Саланың дамуы металл және пластмасса бұйымдарын, электротехникалық құрамдас бөлшектерді, салонның ішкі әрлеу элементтерін және басқа да өнеркәсіптік өнім түрлерін шығаратын кәсіпорындар үшін әлеуетті нарық қалыптастырады. Сонымен бірге отандық жеткізушілердің мүмкіндіктері өндірісті жергіліктендіру тереңдігіне, өндірушілердің техникалық талаптарына және құрамдас бөлшектердің бәсекеге қабілеттілігіне байланысты. Өнеркәсіптік стандарттарға сай келетін жергілікті кәсіпорындар санының артуы өндірістік кооперацияны кеңейтіп, ел ішінде қосылған құнның қосымша көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Президент атап өткен жаңа іскерлік мәдениетті қалыптастыру мәселесі де ерекше назар аударуға тұрарлық. Заманауи кәсіпкерліктің дамуы басқару сапасына, қаржылық тәртіпке, технологиялық жарақтандыруға және өндірістік процестерді ұйымдастыруға қойылатын талаптардың күшеюімен қатар жүреді. Ірі өнеркәсіптік жобаларға қатысу техникалық стандарттарды сақтауды, жеткізілімдердің тұрақтылығын, шарттық қатынастардың ашықтығын және кәсіпорындардың ұзақ мерзімді міндеттемелерді орындау қабілетін талап етеді.

Отандық бизнес үшін қызметкерлердің кәсіби даярлығына инвестиция салу, цифрлық шешімдерді енгізу және ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру ерекше маңызды бола түсуде.

Кәсіпкерлік сектордың одан әрі дамуы көбіне еңбек өнімділігін арттыруға, ішкі өндірістік тізбектерді тереңдетуге және халықтың нақты табысын ұлғайтуға байланысты. Өнімділіктің өсуі кәсіпорындарға жабдықтарды, еңбек ресурстары мен капиталды тиімдірек пайдалануға, сол арқылы бәсекеге қабілетті өнім шығару мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды. Өндірістік кооперацияны дамыту ел ішінде орындалатын технологиялық операциялар санын көбейтуге және отандық жеткізушілердің өнімдеріне тұрақты сұраныс қалыптастыруға ықпал етеді. Ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын құрамдас бөлшектермен, материалдармен және мамандандырылған қызметтермен қамтамасыз ете алатын орта өндірістік бизнесті дамыту ерекше мәнге ие. Кәсіпкерліктің осы сегментін кеңейту ел ішінде қалыптастырылатын қосылған құнды ұлғайтуға, білікті жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің өндірістік әлеуетін нығайтуға ықпал етуі мүмкін.