Жанна Булхаирова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Жаһандық экономика және орнықты даму бөлімінің бас сарапшысы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық саясаттың басты міндетін айқындады. Ол – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық беру. Сала тұрақты өсім көрсетіп отыр: агроөнеркәсіптік кешен өнімінің көлемі 15 трлн теңгеге жетіп, өсім шамамен 6%-ды құрады. Ендігі кезекте негізгі назар ел ішінде қанша қосылған құн қалыптасып, сақталатынына аударылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмалары да осы міндетті іске асыруға бағытталған.
Бірінші бағыт – қаржыландыру. Жеңілдетілген қаржы ресурстарының көлемі 1 трлн теңгеден 1,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Алайда қаражаттың бір бөлігі ағымдағы қажеттіліктерге жұмсалуда, ал саланы дамыту ұзақ мерзімді инвестицияларды қажет етеді. Үкіметке фермерлерді осындай ресурстармен қамтамасыз ететін тетіктерді енгізу, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингі әзірлеген құны 500 млрд теңгеден асатын тамақ өнеркәсібіндегі перспективалы жобаларды қаржыландыруды созбалаңға салмай, уақтылы жүзеге асыру тапсырылды.
Бұл басымдықтың практикалық маңызын астықты өңдеу мысалынан айқын көруге болады: жиналған астық көлемінің шамамен 2%-ы ғана терең өңдеуге жіберіледі. Ал ірімшік, сүзбе және шұжық өнімдері сияқты тауарлар өз шикізатымыз бола тұра, әлі де ішінара импортталады. Осыған байланысты Президент табысты тәжірибелерді атап өтті. Атап айтқанда, Қызылорда облысындағы жүгері мен сояны өңдеу жобалары, Түркістан облысындағы мақта-тоқыма кластері, Ақмола облысындағы тауарлы-сүт фермалары мен ет кластері. Мемлекет басшысы осындай жобаларды кеңінен таратуға жағдай жасауды және инвесторларға уақтылы қолдау көрсетуді тапсырды.
Екінші бағыт – өнімділік пен ресурстық базаны дамыту. Президент отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін ұлғайту, жасанды интеллектіні жедел енгізу және өнімділікті 2–2,5 есе арттыруға мүмкіндік беретін суармалы егіншілікті кеңейту қажеттігін атап өтті. Өндіріс көлемінің өсуі су ресурстарына тәуелді болғандықтан, Үкімет пен әкімдіктерге суды тұтынуды бақылауды күшейту және Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін қысқа мерзімде толық іске қосу тапсырылды. Бұл шаралар ірі холдингтерден бастап шағын фермерлік шаруашылықтарға дейінгі барлық агроөнеркәсіп субъектілерінің агрологистика орталықтарына қол жеткізу мүмкіндігімен толықтырылуға тиіс.
Президенттің басты талабы – еңбек өнімділігін арттыратын терең өңдеу жобаларына басымдық беру. Сондай-ақ инвестициялардың тиімділігі қолданыстағы өндіріс орындарының санымен және олардың экономикаға қосқан нақты үлесімен бағалануы керектігін атап өтті. Осылайша, мемлекеттік қолдау отандық шикізат пайдаланылатын, өндірістік қуаттар толық жүктелетін және импортты алмастырып, сыртқы нарықтарға шығуға қабілетті дайын өнім шығарылатын бағыттарға көрсетілуі тиіс. Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтар жаңа қосылған құн тізбектерін қалыптастыруға көшуді көрсетеді. Бұл – егістік пен фермадан бастап өңдеу және логистика арқылы ішкі нарық пен экспортқа дейінгі біртұтас өндірістік тізбекті дамыту.


