Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ Алматыда өткен Әлеуметтанушылар форумы аясында жаңа жарияланымдарын таныстырды

ҚСЗИ Алматыда өткен Әлеуметтанушылар форумы аясында жаңа жарияланымдарын таныстырды

2026 жылғы 1 маусымда Алматы қаласында «Цифрландыру дәуіріндегі әлеуметтанулық зерттеулер: трендтер мен сын-қатерлер» атты Әлеуметтанушылар форум аясында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) дайындаған монография мен талдамалық баяндамалардың таныстырылымы өтті.

Форумды Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен «Нархоз Университеті» КеАҚ бірлесіп ұйымдастырды.

Таныстырылымның модераторы ретінде ҚСЗИ Ғалым хатшысы Айгүл Көшербаева жүргізді.

Іс-шара барысында Қазақстан қоғамының әлеуметтік трансформацияларына, білім беру, демографиялық даму, репродуктивтік стратегиялар мәселелеріне, сондай-ақ деректерді сапалық талдаудың заманауи әдістеріне арналған ҚСЗИ-дің жаңа зерттеу басылымдары таныстырылды.

Негізгі басылымдардың бірі – ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Айгүл Забированыӊ «Адамға адам хақында: заманауи Қазақстанның өзін-өзі сипаттау тілдері» атты монографиясы болды. Еңбек 2024–2025 жылдары жүргізілген алты ұлттық репрезентативті сауалнама деректеріне және автордың жиырма жылдан астам уақыт бойы жинақтаған әлеуметтанулық зерттеулер топтамасына негізделген. Монографияда қазақстандық қоғамның өзін, өз құндылықтарын, тәжірибелерін, күтулері мен қалыпты, әділ және рұқсат етілген нәрселер туралы түсініктерін қандай тілдер арқылы сипаттайтыны зерттеледі.

Сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ авторлық ұжымы – қоғамдық пікірді мониторингілеу бөлімінің басшысы Салтанат Ермаханова және бас сарапшылар Жанар Накипбаева мен Гүлназ Касимова дайындаған «Деректерден инсайттарға: MAXQDA-да сапалық деректерді талдау» атты әдістемелік құрал таныстырылды.

Құрал сапалық деректермен жұмыс істеуге арналған тәжірибеге бағдарланған нұсқаулық болып табылады. Онда деректерді дайындау, кодтау, санаттарды құру, нәтижелерді түсіндіру және визуализациялау кезеңдері жүйелі түрде қарастырылады. Құралда MAXQDA тек техникалық құрал ретінде ғана емес, сонымен қатар зерттеушілік ойлауды құрылымдау және талдамалық жұмыстың ашықтығын арттыру құралы ретінде ұсынылған.

Форумда таныстырылған және сол авторлық ұжым дайындаған «Өмір жолының бастауы: мектеп болашақ бағыттардың қалыптасуына қалай әсер етеді?» атты талдамалық баяндаманың негізіне 2025 жылы Қазақстандағы үш түрлі мектеп – НЗМ, БИЛ және мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп түлектерінің қатысуымен өткізілген фокус-топтық пікірталастар сериясының нәтижелері алынды. Зерттеу мектеп білімінің жастардың өмірлік стратегияларын, құндылық бағдарларын, әлеуметтік капиталын және болашақ туралы түсініктерін қалыптастырудағы рөлін пайымдауға бағытталды. Авторлар мектептің тек білім беру институты ғана емес, сонымен қатар мүмкіндіктерді бөлудің, азаматтық өзіндік сананы қалыптастырудың және болашақ өмірлік траекторияларды айқындаудың маңызды тетігі екенін көрсетті.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ дайындаған тағы бір талдамалық баяндама – «Қазақстан халқының репродуктивті стратегиялары: құндылықтармен өмірлік жағдайлар» Қазақстан халқының репродуктивтік ұстанымдарын, бала туу туралы шешімдерге ықпал ететін факторларды, отбасылық стратегиялардың өңірлік айырмашылықтарын, сондай-ақ отбасы, ата-ана болу және қалаулы бала саны туралы түсініктердің трансформациясын талдауға арналған.

Таныстырылған басылымдар – ҚСЗИ-дің қолданбалы әлеуметтануды, қоғамдық зерттеулер әдіснамасын және Қазақстандағы әлеуметтік процестерді сараптамалық талдауды дамытуға қосқан үлесі. Таныстырылым қазіргі қоғамды зерттеудегі эмпирикалық деректердің, цифрлық құралдар мен сапалық аналитиканың рөлі туралы кәсіби пікірталас аясында өтті.

Дайджест жаңалықтарына жазылу