ҚХР-ға жұмыс сапары аясында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Ханчжоу қаласындағы Чжэцзян қаржы және экономика университетінде «The Future of Governance in the Age of AI» («Жасанды интеллект дәуіріндегі мемлекеттік басқарудың болашағы») тақырыбында дәріс оқыды.
Өз сөзінде Ж. Шаймарданов мемлекеттік басқаруды трансформациялау жөніндегі көзқарасымен бөлісіп, ретроспективалық талдауға негізделген дәстүрлі модельдерден үлкен деректерді, болжамдық аналитиканы және интеллектуалды платформаларды пайдаланатын шешім қабылдау жүйелеріне көшу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Қытай мен Орталық Азия елдерінің цифрлық экономика, инновациялар және жасанды интеллект дәуіріне арналған кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.
Сапар аясында Қытай мен Қазақстанның цифрлық және «жасыл» экономика саласындағы ынтымақтастығына арналған ғылыми семинар да өтті. Іс-шараға университет басшылығы, оқытушылар мен студенттер, сондай-ақ ҚСЗИ сарапшылары мен Қазақстанның өзге де жетекші талдау институттары мен жоғары оқу орындарының өкілдерінен құралған қазақстандық делегация қатысты.
Іс-шаралар сараптамалық пікір алмасу, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы академиялық және зерттеу байланыстарын нығайту үшін маңызды алаңға айналды.







