Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының докторанттарына арналған ҚСЗИ ғалым хатшысы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Көшербаеваның «Докторлық диссертациядағы деректерді басқару» тақырыбындағы дәрісі өтті.
Іс-шара білім беру бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, мемлекеттік басқару саласындағы Академия докторанттарының зерттеушілік құзыреттерін дамытуға бағытталды.
Дәріс барысында профессор А. Көшербаева мемлекеттік басқару және экономика салаларындағы докторлық зерттеулерді әзірлеу үдерісінде деректермен жұмыс істеудің негізгі тәсілдерін жан-жақты баяндады. Қазіргі докторлық диссертацияның тек академиялық мәтінмен шектелмей, жүйелі және құрылымдалған тәсілді қажет ететін әртүрлі деректердің күрделі кешенін қамтитынына ерекше назар аударылды.
Лектор құрылымдалған деректер кез келген нәтижелі ғылыми зерттеудің іргетасы екенін атап өтті. Осы тұрғыда деректерді жүйелі басқару техникалық дағды ғана емес, қатаң ғылыми сараптама талаптарына сай келетін диссертация әзірлеудің негізгі шарттарының бірі ретінде қарастырылады.
Сондай-ақ зерттеудің бастапқы кезеңінде деректерді ретке келтіруге жұмсалған уақыттың кейін қорытындылардың дәлдігін арттыруға, талдамалық жұмысты жеделдетуге және диссертацияны қорғау барысында нәтижелердің дәйектілігін күшейтуге септігін тигізетіні айтылды.
Дәріс докторанттар тарапынан үлкен қызығушылық туғызып, мазмұнды пікір алмасуға ұласты. Талқылау барысында қатысушылар ғылыми деректерді басқарудың практикалық құралдары мен заманауи тәсілдерін саралады.
Мұндай іс-шаралар ғылыми-зерттеу және білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ғылыми кадрлар даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді.




