Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ өкілдері Орталық Азия мен Кореяның сараптамалық орталықтарының форумына қатысты

ҚСЗИ өкілдері Орталық Азия мен Кореяның сараптамалық орталықтарының форумына қатысты

2026 жылғы 24 маусымда Душанбеде «Орталық Азия – Корея Республикасы» III Сараптамалық орталықтар форумы өтті. Іс-шараға Орталық Азия елдері мен Корея Республикасының жетекші ғылыми-зерттеу институттарының, мемлекеттік органдарының және академиялық қауымдастығының өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтынан форумға Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев пен Жаһандық экономика және орнықты даму бөлімінің басшысы Бибігүл Өмірбаева қатысты.

«Жаһандық саясаттың қайта құрылуы және Корея мен Орталық Азия ынтымақтастығының негіздері» атты бірінші сессияда сөз сөйлеген Айдар Құрмашев қалыптасып келе жатқан әлемдік жүйеде мемлекеттердің орны олардың технологиялық, өндірістік және логистикалық тізбектерге қатысу деңгейімен барған сайын айқындалатынын атап өтті.

Оның айтуынша, Орталық Азия үшін тек шикізат жеткізушісі, өткізу нарығы немесе транзиттік кеңістік рөлімен шектеліп қалмау маңызды. Өңір елдеріне өздерінің өндірістік құзыреттерін дамыту, қосылған құн қалыптастыру және жаңа технологиялық экожүйелерге белсендірек кірігу қажет.

Орталық Азия мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде өнеркәсіптік кооперация, стратегиялық маңызы бар минералдарды қайта өңдеу, цифрлық логистика, ақылды қалалар, креативті индустриялар және жаңа экономика үшін мамандар даярлау айқындалды.

Көлік дәліздерін дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. А. Құрмашев Қазақстанның алдағы міндеті транзиттік бағыттарды өнеркәсіптік аймақтар, логистикалық орталықтар, агроөнеркәсіптік кластерлер мен цифрлық сервистер қалыптасатын толыққанды экономикалық және өндірістік дәліздерге айналдыру екеніне тоқталып өтті.

Сарапшы сондай-ақ Орталық Азия елдері мен Корея Республикасының сараптамалық орталықтары арасындағы практикалық ынтымақтастықты күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, бірлескен зерттеулер дайындау, халықаралық авторлық ұжымдар құру, мемлекеттік органдар үшін ұсыныстар әзірлеу және халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда академиялық мақалалар жариялау мәселелері сөз болды.

Осыған байланысты форумға қатысушылар ҚСЗИ-дің зерттеулерді, сараптамалық пікірлерді және бірлескен материалдарды жариялауға ашық KISI Insights Central Asia талдамалық платформасымен ынтымақтастық жасауға шақырылды.

«Корея және Орталық Азия: адамдар арасындағы перспективалы байланыстарды нығайту» атты төртінші сессия аясында Бибігүл Өмірбаева Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамытудағы адами капиталдың рөлі туралы баяндама жасады.

Ол 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 3 млрд АҚШ долларынан асқанын, ал соңғы он жыл ішінде Қазақстан экономикасына тартылған кореялық тікелей инвестициялар көлемі 8 млрд АҚШ долларына жуықтағанын атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстанда оңтүстіккореялық капиталдың қатысуымен 700-ден астам компания жұмыс істейді, ал өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы құны шамамен 4 млрд АҚШ долларын құрайтын 46 жоба пысықталуда.

Соның жарқын мысалдарының бірі – Қостанай қаласындағы KIA Qazaqstan зауыты. Жобаға салынған инвестиция көлемі 130 млрд теңгеден асты, шамамен 1,5 мың жұмыс орны құрылды, ал кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 70 мыңға дейін автомобиль шығаруға мүмкіндік береді.

Б. Өмірбаеваның айтуынша, мұндай жобалардың маңызы олардың айналасында білім беру, инженерлік және технологиялық экожүйенің қалыптасуында жатыр. Өндірісті дамыту автоматтандыру, цифрлық жүйелер, инженерия, логистика және күрделі өндірістік процестерді басқару салаларындағы мамандарға деген сұранысты арттырады.

Перспективалы бастамалардың қатарында өнеркәсіптік автоматтандыру, жасанды интеллект және цифрлық логистика салалары бойынша Қазақстан–Корея құзыреттер орталықтарын құру, дуальды білім беруді және корпоративтік оқу орталықтарын дамыту, сондай-ақ мектептегі білім беру, денсаулық сақтау және медициналық туризм салаларында бірлескен жобаларды іске асыру ұсынылды.

Жастар, мәдени және тілдік алмасуларды дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы маңызды тарихи әрі қоғамдық көпір болып табылатын корей диаспорасының рөліне ерекше назар аударылды. Форумға қатысушылар жалпы мүмкіндіктерді талқылаудан нақты бірлескен жобаларды іске асыруға, кәсіби алмасуларды дамытуға және екі өңірдің сараптамалық орталықтары, университеттері, бизнес қауымдастығы мен мемлекеттік құрылымдары арасында орнықты байланыстар қалыптастыруға көшу қажеттігін атап өтті.

Дайджест жаңалықтарына жазылу