Skip to content
Басты бет » Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауының ерекше шарттары

Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауының ерекше шарттары

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары сайлауы саяси жүйені түпкілікті қайта жаңғыртып, мемлекеттік басқарудың жаңа формасын қалыптастырады.

Қайта жаңғырту саяси және экономикалық саладағы барлық заманауи сын-қатерлерге төзімді сапалы жаңа теңгерімді саяси модель құруға бағытталған. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы іс жүзінде жүзеге асады.

Сапалы жаңа шарттар – алдағы сайлаудың айрықша белгісі. Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім бойынша, 30 пайызы бір мандатты округтер бойынша сайланады.

Бұған дейін партиялардың Мәжіліске өтудегі шекті кедергісі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетілген болатын. Саяси партияларды тіркеу тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді. Атап айтқанда, тіркеу шегі 4 есеге – 20-дан 5 мың мүшеге дейін қысқартылды. Партиялардың аймақтық өкілдіктерінің саны 600-ден 200 адамға дейін қысқартылды.

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлау да аралас сайлау жүйесі бойынша 50-де 50 арақатынаста өтеді.

Бұл ретте, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлауда қазақстандықтар тек бір мандатты округтердегі кандидаттарға ғана дауыс береді.

Жаңа шарттар мемлекеттік органдардағы қоғамның пікірін, көзқарасын, сұранысын кеңінен көрсетуді қамтамасыз етіп, азаматтық қоғамның тиімді дамуына ықпал етеді.

Әлішер ТАСТЕНОВ,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
бас сарапшысы