2026 жылғы 7 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Корея Республикасы сарапшыларының делегациясымен кездесу өтті. Делегацияны Корей ұлттық қорғаныс университетінің профессоры әрі Корей халықаралық зерттеулер қауымдастығының президенті Чон Ханбом бастап келді.
Кездесуде Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықтың бүгінгі ахуалы мен алдағы мүмкіндіктері сөз болды. Тараптар жасанды интеллект, көлік, энергетика және білім беру салаларындағы өзара ықпалдастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Сонымен бірге сарапшылық байланыстарды нығайтуға басымдық берілді.
ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Оңтүстік Кореяның Қазақстанның Азиядағы сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мен озық технологияларды игеру екі ел ынтымақтастығына тың серпін береді.
Институт басшысы Сеулмен сауда-экономикалық байланысты дамыту Қазақстанның экономикалық дипломатиясындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айтты. 2025 жылдың қорытындысында Корея Республикасы еліміздің ең ірі он сауда серіктесінің қатарына енді. Ал Орталық Азия елдерінен Оңтүстік Кореяға жөнелтілетін экспорттың 98,2 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі.
Кездесу соңында қатысушылар биылғы қыркүйекте өтетін «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитіне дайындық жайын талқылады. Олар бұл кездесу Орталық Азия мемлекеттері мен Оңтүстік Корея арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, басым бағыттардағы ортақ жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік ашатынын атап өтті.





