Skip to content
Басты бет » Урбанизацияның ел дамуына ықпалы қандай?

Урбанизацияның ел дамуына ықпалы қандай?

Айгүл Забирова

Айгүл Забирова,

ҚР Президенті жанындағы

ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері

Қазақстан өзінің қазіргі тарихындағы ең ауқымды әлеуметтік өзгерістердің бірін бастан өткеріп отыр. Бұл кезеңнің тарихи мәні – терең ауылдық дәстүрі бар ел ретінде Қазақстанның біртіндеп қалалық елге айналуында. Бұдан бірнеше онжылдық бұрын халықтың едәуір бөлігі ауылдық жерлерде өмір сүрсе, бүгінде қалалар білім берудің, жұмыспен қамтудың және экономикалық белсенділіктің орталығына айналды. Демографиялық статистика қалалық тұрғындар санының өсуін айқын көрсетеді. Мәселен, Қазақстанда қалалық тұрғындардың үлесі тұрақты түрде артып келеді: 2025 жылдың басында ел халқының үштен екісі (63%) қалаларда тұрған.   

Урбанизация туралы сөз болғанда көбіне мектептер мен ауруханаларға түсетін жүктеме, автокөлік қозғалысы, жаңа жұмыс орындарын құру қажеттілігі айтылып жатады. Алайда урбанизация қазіргі қоғам дамуының табиғи кезеңі екені жиі ескерілмейді. Дәл осы үдеріс адами капиталдың қалыптасуына, кәсіпкерліктің дамуына және жаңа экономикалық мүмкіндіктердің пайда болуына ықпал етеді. Бүкіл әлемде қалалар экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналып отыр. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, бүгінде әлем халқының жартысынан астамы қалаларда тұрады және бұл үлес алдағы уақытта да арта бермек. БҰҰ сарапшыларының болжамы бойынша, 2050 жылға қарай қалалық тұрғын үлесі Жер халқының жалпы санының 70%-ына дейін жетуі мүмкін. Дәл осы қалаларда университеттер, ғылыми орталықтар, кәсіпорындар және жаңа еңбек нарықтары шоғырланған. Қалалық орта білім алмасуға, жаңа мамандық пайда болуына және кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасайды. Қазақстан да біртіндеп осы жаһандық үрдістің бір бөлігіне айналып келеді.

Қазақстандағы урбанизацияның өзіне тән ерекшеліктері бар. Кеңестік кезеңде халықтың қалаларға көшуі түрлі тетіктер арқылы, соның ішінде тіркеу институты арқылы айтарлықтай шектелген еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ауыл шаруашылығындағы өзгерістер шешуші рөл атқарып, ауылдық жерлерде көп жұмыс күшіне деген қажеттілікті азайтты. Нәтижесінде ел ішінде қозғалыс күшейіп, халық жаңа жұмыспен қамту мүмкіндіктері ашылған қалаларға қоныс аудара бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауылдан немесе шағын қаладан ірі қалаға көшу көбіне жұмыс іздеумен байланысты болса, бүгінгі таңда көші-қон ұтқырлығының стратегиялары өзгеріп келеді.

Қазіргі уақытта көптеген отбасылар үшін қалаға көшу – инвестиция іспетті. Қала білім алуға, түрлі еңбек нарықтарына және кәсіби ортаға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ата-аналар балаларға болашақта тұрақты орын алуға жол ашатын мүмкіндік беруге ұмтылады. Сондықтан білім алуға және кәсіби дағдыларды меңгеруге талпынған жастарды қалалар өзіне тартады. 2025 жылдың басында Қазақстан қалаларында 14–28 жас аралығындағы 3 666 998 жас өмір сүрген, ал студенттер саны 2020 жылғы 575,5 мыңнан 2024/2025 оқу жылының басында 624,5 мың адамға дейін өсті. Бұл урбанизацияның қазақстандықтар үшін маңызды отбасылық стратегияға айналып келе жатқанын көрсетеді.

Соңғы онжылдықтарда Қазақстан қалаларының экономикалық құрылымы да өзгеріске ұшырады. 1990-жылдары базарлар мен ұсақ сауда нарықтық экономикаға бейімделудің құралына айналып, кәсіпкерліктің дамуына серпін берді. Кейіннен қалалар біртіндеп қызмет көрсету үлгісіне көшіп, онда қызмет көрсету саласы, білім беру, медицина және шағын бизнес барған сайын маңызды рөл атқара бастады. Бүгінде платформалық урбанизацияның қалыптасуын байқауға болады. Цифрлық технологиялардың, маркетплейстер мен онлайн-қызметтердің дамуы кәсіпкерлік пен жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін қалыптастырып отыр. Осылайша Қазақстандағы урбанизация үш кезеңнен өтті: 1990-жылдардағы базар экономикасынан қызмет көрсету экономикасына, ал қазір қалыптасып келе жатқан платформалық қалалық экономикаға дейін.

Урбанизация ауылдық аумақ маңызын төмендетпейді. Қазақстанда өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасайтын елеулі жер ресурстары бар. Ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі бойынша ел Еуразиядағы ірі аграрлық мемлекеттердің қатарына жатады. Әлем халқының өсуі мен азық-түлікке сұраныстың артуы жағдайында аграрлық экономика жаһандық экономиканың стратегиялық салаларының біріне айналып отыр. Қазақстан миллиардтаған адам тұратын ірі азиялық нарықтардың маңында орналасқан, бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау үшін үлкен әлеует қалыптастырады. Сондықтан қала дамуы мен ауыл шаруашылығын жаңғырту – бірін-бірі қолдайтын үдерістер. Урбанизация өміріміздің географиясын өзгертеді, бірақ ауыл экономикасының маңызын жоймайды.

Қазіргі үрдістер сақтала берсе, алдағы онжылдықтарда Қазақстан қалалары елдің экономикалық және әлеуметтік дамуында барған сайын маңызды рөл атқаратын болады. Ірі қалалық агломерациялардың одан әрі өсуі, қызмет көрсету экономикасының кеңеюі және жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті ұйымдастырудағы цифрлық платформалардың рөлінің күшеюі күтіледі. Сонымен қатар қалалар білімнің, инновацияның және адами капиталдың қалыптасуының негізгі орталықтарына айнала береді. Дәл осы жерлерде жастар, кәсіби қауымдастықтар және экономиканың жаңа салалары шоғырланады. Осы тұрғыдан алғанда қалалардың дамуы елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігінің басты факторларының біріне айналып келеді.

Қорытындылай айтқанда, урбанизация уақытша құбылыс емес. Бұл елдің жаңа экономикалық және әлеуметтік құрылымын қалыптастыратын ұзақ мерзімді үдеріс. Осы мағынада қалалардың дамуы Қазақстанның болашағы үшін негізгі ресурстардың біріне айналып отыр.

Дайджест жаңалықтарына жазылу