Skip to content
Басты бет » Қазақстан мен Үндістанның сараптамалық-талдау саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективалары талқыланды

Қазақстан мен Үндістанның сараптамалық-талдау саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективалары талқыланды

2024 жылғы 8 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында Қазақстан Республикасындағы Үндістан Елшілігінің әскери атташесі Панкадж Кумар Видьяртхимен кездесу өтті. Кездесуде Қазақстан мен Үндістанның талдау орталықтары арасындағы ынтымақтастығы мен екі елдің өзара әріптестігін нығайту перспективалары талқыланды.

Қонақпен келіссөз жүргізген ҚСЗИ директорының орынбасары Асқар Нұрша, Қазақстан мен Үндістанның көптеген салалардағы өзара әрекеттестігі тұрақты даму үстінде екенін, әсіресе әскери-техникалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.

Панкадж Кумар Видьяртхи мырза Үндістан мен Қазақстан арасындағы сараптамалық-талдау саласындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, үнді тарапының таяу болашақта әскери салада бірқатар көрмелер өткізу ниетін мәлім етті.

Тараптар Үндістан мен Қазақстанның сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастығы әлеуетін кеңейтуге ерекше назар аударды және маңызды салалар бойынша білім алмасуға және үйлестіруді нығайтуға бағытталған екіжақты жобаларды дамытуға мүдделілік танытты.

Кездесуге қатысушылар серіктестіктің тиімділігін арттыру бойынша нақты шараларды, соның ішінде бірлескен жобаларды, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігін, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты арттыру және жаңа экономикалық мүмкіндіктерді құру жолдарын талқылады.