Skip to content
Басты бет » Халық үшін, болашақ үшін: әлеуметтік саясат пен білімге салынған инвестиция

Халық үшін, болашақ үшін: әлеуметтік саясат пен білімге салынған инвестиция

Әлеуметтік және білім беру саласындағы стратегиялық қадамдар

Қазақстанда 2023 жылдан бері әлеуметтік саясат пен білім беру саласында бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылып келеді. Қолға алынған бұл реформалар мен бағдарламалар халықтың әл-ауқатын жақсартуға, балалардың болашағын қамтамасыз етуге және білім беру жүйесінің инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған.

Мәселен, «Балаларға арналған ұлттық қор» атты бірегей бағдарлама аясында қазақстандық балалар алғаш рет Ұлттық қордан төлемдер ала бастады. Бұл бастама жаңа ұрпақтың экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың болашағын қаржылық тұрғыдан қолдауға бағытталған маңызды қадам. Ұлттық қор активтерінің тұрақты өсуі мен қосымша инвестициялық кірістің түсуі есебінен балаларға арналған төлемдер жыл сайын ұлғайып отыратын болады. Қазіргі уақытта 6,9 млн астам бала қолдауға ие болды. Өткен жылы олардың 304 815-і кәмелеттік жасқа толды, бұл олардың тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе білім ақысын төлеу мақсатында жинақталған қаражатты пайдалануына мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді жоба келешекте халық арасында қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және әлеуметтік теңсіздікті азайтуға мүмкіндік беретін ескеру керек.

Әлеуметтік саясатты жетілдіру аясында зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы айтарлықтай өсті. Әсіресе, базалық және бірлескен зейнетақыларды, мемлекеттік жәрдемақыларды кеңейтілген индекстеу арқылы арттыру маңызды қадам болды. 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған. Нәтижесінде 2024 жылы жиынтық зейнетақының орташа мөлшері БЖЗҚ төлемдерін есептемегенде 130 414 теңгені құрады.

Бала туу бойынша жәрдемақы да жыл сайын артып отыр. Өткен жылы 1,2 және 3 бала туғанда 140 296 теңге берілсе, осы жылдан бастап 149 416 теңгені құрап отыр. Биылдан бастап I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топ – 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл шаралар халықтың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге және өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етеді.

Елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған, олардың жартысына жуығы салынды. Бұл жоба үш ауысымда оқыту мәселесін түбегейлі шешіп, апатты жағдайдағы мектептердің санын жоюға және орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік бағдарламаның басты артықшылығы – білім беру инфрақұрылымын дамытуда қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жою. Жаңа мектептер барлық аймақтарда сапалы білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Білім беру инфрақұрылымын дамыту және қолжетімділікті арттыру қоғамның жалпы дамуына және азаматтардың өмір сапасының жақсаруына ықпал етеді.

Соңғы жылдары қолға алынған әлеуметтік және білім беру реформалары Қазақстанның стратегиялық дамуының маңызды бөлігіне айналды. Алдағы жылдары бұл бастамалардың жемісті нәтижелері қазақстандықтардың өмір сүру сапасының артуына және елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына ықпал ететіні сөзсіз.

Әйгерим Абдрашитова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы