ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Көшербаева бірқатар қазақстандық ғалымдармен бірлесіп Scopus дерекқорына кіретін «Central European Journal of Public Policy» халықаралық ғылыми журналында «Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің жаңа реформаларын мемлекеттік қызметшілердің бағалауын талдау» атты ғылыми мақаласын жариялады.
Мақала республикалық маңызы бар үш қала мен ел астанасы – Астананы қоса алғанда, Қазақстанның 14 өңірінен 14 250-ден астам мемлекеттік қызметшінің пікірін қамтитын ауқымды әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін талдауға арналған.
Мақалада соңғы жылдары Қазақстан мемлекеттік қызметтің анағұрлым ашық жүйесін құру бойынша елеулі күш-жігер көрсетіп отырғандығы атап көрсетілген.
Негізгі реформалардың қатарында:
- ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдету үшін электрондық үкімет жүйесін енгізу;
- қоғамдық қатысу тетіктерін дамыту;
- меритократия принциптеріне негізделген мансаптық модельге көшу және нәтижелер үшін сыйақы.
Сауалнама нәтижелері мемлекеттік қызметшілердің көпшілігі мемлекеттік қызмет жүйесінің қазіргі жағдайына қанағаттанатынын көрсетеді.
Қанағаттанудың негізгі аспектілері ыңғайлы жұмыс кестелерін және мемлекеттік мекемелердегі оң ұйымдастырушылық климатты қамтиды.
Бұл зерттеу мемлекеттік қызметті жаңғырту туралы халықаралық ғылыми пікірталасқа үлес қосады. Ол сондай-ақ жүйені одан әрі жетілдіру үшін шешуді қажет ететін негізгі мәселелерді бөліп көрсетеді және реформаларды қабылдауға әсер ететін факторларды анықтайды.
Мақаланың толық мәтінімен осы сілтеме бойынша танысуға болады.
Зерттеу ғалымдарға, мемлекеттік қызмет саласындағы мамандарға және Қазақстандағы жаңғырту үдерістеріне қызығушылық танытқандарға арналған.