Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев коммуналдық шаруашылық пен энергетика саласын жаңғыртуды стратегиялық мәселе ретінде белгіледі.
Жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртудың Ұлттық жобасы қабылданды.
Алғашқы міндеттердің қатарында апатты жағдайда тұрған нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Мәселен, Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде орташа тозу көрсеткіші 60 пайыздан асады, ал кейбір нысандарда ол 90 пайызға жетеді. Жобаны іске асырудан күтілетін әлеуметтік нәтиже апаттар деңгейін және энергетикалық және коммуналдық активтердің тозу деңгейін республика бойынша орта есеппен 40%-ға төмендету болып табылады.
Сонымен қатар, экономикалық өсу және электр энергиясының тапшылығы мәселесін шешу үшін жаңа өндірістерді енгізу аясында жаңа «таза» технологияларға негізінде жаңа генерациялаушы қуаттарды сапалы және уақтылы іске қосуға баса назар аудару қажет.
Мемлекет басшысы тарифтердің сөзсіз көтерілуіне байланысты қоғамда ұқыпты тұтыну мәдениетін қалыптастырып, тұрғындарға жылу мен электр энергиясын үнемдеу мүмкіндігін беру керектігін баса айтты.
Үкімет энергия үнемдеуді дамыту және тұрғын үй секторында энергия тиімділігін арттыру бойынша шаралар кешенін әзірлеуге және қабылдауға назар аударуы керек.
Іске асырылып жатқан шаралардың ішінде жылу энергиясын тұтынуды реттеуге және шығындарды 30%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған жылу пункттерін орнатуды, сондай-ақ 40%-қа дейін энергия үнемдеуді қамтамасыз ететін жарықтандыру жүйелерін жаңғыртуды атап өтуге болады.
Бұл бастамалар жайлылық пен үнемділікті қамтамасыз ететін тұрақты және заманауи инфрақұрылымды құруға, сондай-ақ экономикалық тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған.
Бауыржан Өмірзақов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Жаһандық экономика және тұрақты дамуы бөлімінің бас сарапшысы