7 наурызда Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Конрад Аденауэр қорының Қазақстандағы кеңсесінің басшысы міндетін атқарушы Виктор Франк пен Қордың Моңғолиядағы кеңсесінің басшысымен жұмыс кездесуі өтті. Талқылаудың негізгі тақырыбы – өзгеріп жатқан жаһандық жағдайдағы екіжақты ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері болды.
Қазақстан Германиямен прагматикалық диалог жүргізуде, бұл өзара мүдделер мен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа негізделген. ҚСЗИ-дің неміс қорларымен, оның ішінде Конрад Аденауэр қорымен дәстүрлі достық байланысы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытуда маңызды рөл атқарады.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов кездесу барысында геосаяси бәсекелестіктің артуы мен жедел технологиялық даму аясында Қазақстанның халықаралық жеткізу тізбектеріне интеграциялануға мүдделі екенін атап өтті.
«Астана үшін басты мәселелердің бірі – әлемдегі үшінші экономика болып саналатын Германиядан технологиялық даму үшін инвестиция тарту. Жетекші экономикалармен серіктестік Қазақстанға халықаралық процестердегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚСЗИ директоры.
Кездесу барысында халықаралық саясаттағы маңызы күн санап артып келе жатқан Орталық Азия аймағына ерекше назар аударылды. ҚСЗИ мен Конрад Аденауэр қоры өңірлік процестерді, қауіпсіздік мәселелерін және тұрақты даму перспективаларын талқылау үшін Орталық Азияның жетекші сарапшыларын тарта отырып, бірлескен іс-шаралар өткізу мүмкіндіктерін қарастырды.


