Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының делегациясы Ауғанстанға сапары аясында Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы Елшілігінің қолдауымен елдің негізгі мемлекеттік және академиялық құрылымдарымен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді.
Сыртқы істер министрі Амир Хан Муттаки, сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизи, қоғамдық жұмыстар вице-министрі Мохаммад Исхак Сахибзадамен келіссөздер жүргізілді. Ғылым-білім беру қоғамдастығымен өзара әрекеттестікке ерекше назар аударылды – Ауғанстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Валиулла Шахинмен, Кабул университетінің ректоры Осама Азизбен және Ауғанстан ғылым академиясының вице-президенті Амир Джан Сакебпен пікір алмастырылды. Мазари-Шариф қаласында Балх провинциясы губернаторының орынбасары Маулави Нур аль-Хади Абу Идриспен, сондай-ақ автокөлік және қоғамдық жұмыстар басқармаларының басшылығымен кездесті.
Ауғанстан билігі өкілдерімен кездесулерде қос ел арасындағы сауда-экономикалық, транзиттік-логистикалық және инфрақұрылымдық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Тараптар Қазақстанның Ауғанстандағы білім беру сапасын арттыруға және бірлескен зерттеу жобаларын іске асыруға жәрдемдесу перспективаларын қозғады. Сондай-ақ, білім берудің қолжетімділігін арттыру, жоғалған мұрағаттарды қалпына келтіру, әдебиеттермен өзара алмасуды кеңейту және қазақ тілі мен пушту білімімен кадрлар даярлау үшін онлайн-оқытуды енгізу мүмкіндіктері қаралды.
Ауған тарапы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған БҰҰ-ның Алматы қаласындағы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы бүкіл өңірдің дамуына ықпал ететініне сенім білдірді. Осыған байланысты Кабулда Ауғанстандағы БҰҰ миссиясының басшысы Роза Отунбаевамен кездесуді ерекше атап өткен жөн, онда Ауғанстанның бейбітшілік процесін нығайту мәселелері талқыланды.
Президент Тоқаев Ауғанстанмен байланысты мәселелерге ерекше назар аударады, бұл өңір елдерін қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелері бойынша жалпы диалогқа тартуға бағытталған Астананың белсенді дипломатиясында көрініс тапты. Сонымен бірге Қазақстан Ислам Әмірлігін ресми түрде мойындаған жоқ.
Іс-шараларға Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы Уақытша сенімді өкілі Ғазиз Ақбасов және Елшіліктің бірінші хатшысы Аят Елеусінов қатысты. Сапарды ұйымдастыруға қолдау көрсеткені, делегацияның қауіпсіздігін қамтамасыз еткені және Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жүйелі жұмысы үшін Елшілікке алғысымызды білдіреміз.







