2025 жылғы 18 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында («ҚСЗИ») финляндиялық сарапшылармен – қақтығыстардың алдын алу және оларды диалог пен медиация арқылы шешуге бағытталған қызмет атқаратын тәуелсіз коммерциялық емес фин ұйымы Марти Ахтисаари бейбітшілік қоры («CMI») өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастықтың даму серпінін жоғары бағалады. Жинақталған өзара іс-қимыл тәжірибесі екіжақты да, көпжақты форматта да әріптестікті одан әрі кеңейтуге берік негіз қалыптастыратыны атап өтілді.
Талқылау орталығында жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер болды. Атап айтқанда, халықаралық ынтымақтастық, экономика және орнықты даму саласындағы үрдістер қаралды. Тараптар пікір алмасып, халықаралық үдерістерді тереңірек түсіну және өзара ортақ ұстанымдарды айқындау үшін тұрақты сараптамалық диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Финляндия арасындағы орнықты әріптестікті дамытуға және өзара түсіністікті тереңдетуге бағытталған тұрақты байланыстарды жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
Анықтама үшін:
Марти Ахтисаари бейбітшілік қоры 2000 жылы Финляндияның бұрынғы Президенті (1994–2000 жж.) және 2008 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты М.Ахтисаари тарапынан құрылған.


