2025 жылғы 4 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) институт сарапшылары Франция Қарулы күштері министрлігіне қарасты Ұлттық қорғаныс жоғары зерттеулер институтының (IHEDN, Париж) Еуропа және халықаралық байланыстар департаменті директорының орынбасары, бригадалық генерал Ришар Декомбпен кездесті.
Кездесу барысында ҚСЗИ-дың Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен институттың қызметі мен негізгі зерттеу бағыттарын таныстырды.
Талқылау халықаралық және өңірлік күн тәртібінің кең ауқымды мәселелерін қамтыды. Ерекше назар Қазақстанның сыртқы саясатына, соның ішінде ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайтудағы, сондай-ақ Орталық Азияда көпжақтылық қағидаттарын ілгерілетудегі еліміздің рөліне аударылды.
Тараптар қазіргі әлемдік саясаттағы өзекті сын-қатерлер бойынша пікір алмасты. Әңгіме барысында халықаралық институттардың трансформациясы, геосаяси турбуленттіліктің күшеюі жағдайында өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін іздеу, сондай-ақ теңгерімді көзқарастарды әзірлеудегі сараптамалық ынтымақтастықтың маңызы атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың, соның ішінде сараптамалық саладағы оң қарқынын атап өтті. Сондай-ақ тұрақты байланыстарды қолдау мен сараптамалық өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екендіктерін растады. Бұл өзара түсіністікті тереңдетуге және Қазақстан мен Франция арасындағы орнықты әріптестікті нығайтуға ықпал ететін болады.


